Жандарбек Бекшин кімдерге ораза ұстауға болмайтынын айтты

09 Мамыр, 2019 781 0

NewsROOM+ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин өзінің Фейзбуктегі парақшасында ораза ұстаушыларға кеңес берген. Сондай-ақ, ол кімдерге ораза ұстауға болмайтынын да ескерткен.

«Ислам азаматтардың кейбір санатына — жүкті және бала емізетін әйелдерге, жеті жасқа толмаған балаларға, қарт адамдарға, жолға шыққан адамдарға және жауынгерлерге, сондай-ақ науқас адамдарға ораза ұстамауға рұқсат береді», -деп жазған Жандарбек Бекшин.

Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, медицина тұрғысынан алғанда ораза ұстауға болмайтын аурулар бар. 

«Ең алдымен, бұл қант диабеті. Содан кейін мен жүректің ишемиялық ауруы және үшінші сатыдағы гипертониялық ауруы бар науқастарға, әсіресе ыстық күні тамақ пен су ішуден бас тартуға кеңес бермеймін. Өйткені мұндай науқастарда сұйықтың жеткіліксіз түсуі салдарынан сусыздану, қанның қоюлануы және соның салдарынан асқыну болуы — миокард инфарктісі және ми қанайналымының бұзылуы мүмкін. Әрине, асқазан-ішек жолдарының да көптеген аурулары үшін ораза ұстауға болмайды: бұл асқазанның және он екі елі ішектің жара ауруы, ерекше емес жара колиті, Крон ауруы, жіті гепатиттер.

Сондай-ақ, кез келген жіті инфекциялық аурулар кезінде, әсіресе ішек инфекциялары кезінде сусыздану қаупі жоғары болғандықтан, аштық кері әсер етеді. Жалпы алғанда егер созылмалы аурулар болса, дәрігермен кеңесу керек. Сонда денсаулыққа зиян келтірмейтініне сенімді болған кезде ғана ораза ұстауға болады»,-дейді ол.



Тегтер: ораза, рамазан, ай, жандарбек, бекшин, қазақстан, санитар, дәрігер, жаңалықтар, қоғам

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.