Түркістан облысының қазіргі әлеуеті қандай (сараптама)

09 Мамыр, 2019 1344 0

NewsROOM+Түркістан 2018 жылы тұңғыш президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен жеке облыс статусын алып, Шымкент республикалық маңызы бар қала атанғаннан кейін қайта түлеп, өңір дамуының жаңа тынысы ашылғандай болды. Бұл тарихи әрі өзекті шешімнің қабылдануына осы жылдың маусымында бір жыл толады. Аталған уақыт аралғында өңірде тың өзгерістер болып, жаңа бастамалар қолға алынды, экономикалық аймақ құрылды. Түркістан облысының қазіргі экономикалық әлеуеті қандай, болашағынан не күтеміз, облыста экономикалық тұрғыда түйіні шешілмеген мәселелер бар ма? Бұл сауалдарға экономика бойынша сарапшы мамандардан пікір алған едік.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша Түркістан облысы аграрлы аймақ. Облыс республиканың барша ауыл шаруашылық өнімдерінің 12,5% өндіріп шығарады, Қазақстанда өндірілетін бар мақтаның 100%, жүзімнің – 72,5% өндіреді, облысқа республиканың жылыжай шаруашылығының 80% тиесілі. С.Жобаев Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала статусын алғанға дейін облыстың өнеркәсіп өнімдерінің 50%-ға жуығы Шымкент қаласының үлес салмағында болғанын, бұл тұрғыда Түркістан облысында өнеркәсіп өндірісінің құлдырауы байқалғанын алға тартады. Өнеркәсіп көлемінің құлдырауына Түркістан облысындағы уранды қайта өндіру зауыттары көлемінің қысқаруы әсер еткен. Сондай-ақ маманның сөзінше Түркістан облысында металлургия өндірісінде (97,7%), көлік құрастыруда (73,9%), сусындар өндірісі (82,4 %) мен резеңке және пластмасс өнімдері(78,9%) өндірісінде ауқымның қысқаруына байланысты өнеркәсіптік өндірістің бәсеңдеуі байқалады. Дегенмен, облыстың ауыл шаруашылығын дамытуда зор әлеуеті байқалады, сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту да  бұл әлеует бар. С.Жобаевтың ақпарына сәйкес 2018 жылы аймақта ауыл шаруашылық саласында 542,8 млрд теңгеге өнім өндірілген, өсім 105,3% құраған. Ал экспорт көлемі 180,9 млн АҚШ долларын құраса, бұл өз кезегінде 20,2 млн АҚШ долларына өскен. Маман өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы ет экспорты бойынша республикада бірінші орынға шыққанын және облыстың үлесі 54%-ды құрағанын айтады. «Облыс ірі сауда-логистикалық орталық бола алатынын транспорттық қабілетке ие. Әсіресе Өзбекстан және Орталық Азиядағы өзге республикалармен ішкі саудада», - дейді Сапарбай Досжанұлы.

Атап өтерлігі,2018 жылы аймақтың инвестициялық хал-ахуалын жақсарту мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұйрығымен Түркістанда TURKISTAN атты арнайы экономикалық аймақ құрылған еді. С.Жобаевтың айтуынша аталған экономикалық алаң аясында іске қосылған шағын және орта кәсіпкерліктің саны 130 804-ке жеткен. 288,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұған дейін облыста алғаш рет «Ежелгі Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум өткен еді. «Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде тартылған жеке инвестициялар ауқымы 166 млрд теңгені, өсім 114,2%-ды құрады», - дейді С.Жобаев. «Бір терезе» принципі арқылы инвесторларға қызмет көрсететін TURKISTAN INVESТ компаниясы Жобаевтың сөзінше қазіргі уақытта 1 млрд 147 млн доллар көлемінде 24 ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда. Бұл өз кезегінде 14 000 адамды жұмыспен қамтуға сеп болған.

С.Жобаевтың айтуынша туризм Түркістан облысындағы экономиканың басым салаларының бірі. Бүгінгі күні облыста мыңнан аса тарихи-мәдени және сәулет нысандары, сондай-ақ 4 ерекше қорғаудағы табиғи аймақтар бар. «Соңғы 3 жылда аймақта туристер саны 25 % артса, қонақ үйлер мен қонақжайлар саны 131 бірлікті құрайды. Қолданысқа берілген Шығыс Қытай-Шығыс Еуропа және Шымкент-Ташкент жолдары облыстағы жергілікті және ішкі туризмнің өсуіне түрткі болады», - дейді сарапшы.

Маманның пікірінше аймақтың туристік тартымдылығының артуы туристердің келу ағымын жиілетіп қана қоймай, жұмыс орындарының көбеюіне де сеп болады, жаңа туристік дестинациялардың құрылуы мен туристік индустрияның дамуына ықпал етеді, туризм түрлерінің қанат жаюына да (емдеу-сауықтыру, жағажайлы, тау, тарихи-мәдени т.б)  түрткі болады. «Есесіне, 2024 жылы аймаққа келуші туристердің саны 3 есе артып, орналастыру нысандар ауқымы 30%-ға көбейеді, көрсетілетін қызмет түрі 35 %-ға ұлғайса, инвестиция көлемі 5 есе артады», - дейді С.Жобаев.

Қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім Түркістан облысында өндіріс орындарын көп салу қажет деп есептейді. Мұның себебін саясаткер Түркістан облысында жұмысшы күші артық, мүмкіншілік өте жоғары, жұмысшы күшін жалдап алу құны басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда төмен екендігімен түсіндіреді. «Бұл аймақта бұл тұрғыда өте үлкен мүмкіндік бар дейді», - саясаткер. Д.Көшім шетелдік инвесторлардың Қазақстанда белгілі бір зауыттар салатын болса, солтүстік өңірге көп бас бұратындарын, сол аймақтардан тұрғызатындарын алға тартады. «Қостанай,Өскемен,Павлодар аймақтарына айталық. Ол жақта адам азайып келе жатыр. Аталған аймақтарда көптеген зауыт-фабрикалар баяғыда Кеңес үкіметінде салынып қойылған», - деген саясаткер соңғы уақыттарда Түркістан облысы, Қызылорда, Жамбыл облыстарында ешқандай зауыт-фабрика немесе өндіріс орындарының тұрғызылмағандығын атап өтті. «Меніңше Түркістан облысына өндіріс орындарын салу, инвестиция тарту бірінші кезекте жолға қойылса бұл жөн болар еді», - дейді Д.Көшім. Сондай-ақ саясаткер оңтүстік өңірден солтүстік өңірге жұмыс күшін көшіру жұмыстары жүргізілгенін, оның бастамасы жақсы болғанымен, іс барысында бірқатар қиындықтар барын алға тартады. «Мысалы баяғыда адам ол жаққа барып үш жыл жұмыс істесе, қаражаты да сәйкесінше көбейетін. Айталық, Түркістанда 100 мың алатын мұғалім Петропавлдағы бір ауданда жұмыс істегенде 200 мың алатын болуы керек. Сонда ғана жұмысшы күшінің ауысуы болады. Түркістан облысында жұмысшы күшінің артық мүмкіншілігі бар», - дейді Д.Көшім.

Саясаткер Түркістан облысының ұлттық өзгерістерге әсер ете алатындай әлеуетінің барын атап өтті. «Қазақ мәселесіне, қазақ проблемасына келген уақыттарда бар мәселенің Түркістаннан басталғанын мен қолдар едім. Өйткені бұл жерде шындығында да бұл мәселелердің барлығы бар, бұл проблемалар бар. Мен бір нәрсені ғана ашып айта аламын – қазақи жердің аты қазақи жер», - деген қоғам қайраткері «Мен өзім ұлттық бағыттағы қоғам қайраткері болғандықтан,  осы облыстың ұлттық мәселені шешу, ұлттық мәселені алға қоюда алдыңғы қатарда болғанын қалар едім», - деген пікірін де жасырмады.

Саясаттанушы Сейілбек Асанов Шымкентке республикалық маңызы бар қала статусының берілуі, ал Түркістанның жеке облыс деңгейіне шығуы қолдан жасалған қасақана үрдіс емес дейді. «Шымкент бұл статусқа ақиқатында сұранып тұрды. Бұл аймақ басқа аймақтардан қарағанда еңбекке қабілеттілігімен ерекшеленіп, өзге де қалалардың өркендеуіне ат салысу, айталық басқа қалаларға жеміс-көкөніс жіберу,жалпы айтқанда  ішкі миграцияны қамтамасыз етуде Түркістан облысы өз әлеуетін көрсетіп жатыр», - дейді сарапшы. С.Асанов Түркістан кеше пайда болған облыс емес, «пайда болса, оның тек облыс деген атауы ғана» дейді.  «Бұған дейін Түркістан облысында тарихи факторлар, саяси-экономикалық үлкен ойындар болған. 18 ғасырдың ортасында Түркістан Хиуа хандығының қол астына кірген.Тарихи деректерде Түркістаннан Қызылордаға дейінгі аумақтар Хиуа хандығына кірген деседі. Демек ол нені аңғартады? Біріншіден, Хиуа хандығының әмір жүргізуі ол жерге экономикалық, тарихи, мәдени тұрғыдан үлкен ықпалын тигізді. Қазіргі таңда аталған аумақта елдің тұрмыстық салт-дәстүріне, мәдени өміріне, шаруашылығына, жалпы тұрмыстық өміріне бұның белгілі әсері болды. Сондықтан сол тұстың өзінде-ақ  аймақ мәдени, саяси орта болған», - дейді сарапшы. С.Асанов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанға облыс статусын берудегі рөлінің маңызды болғандығын алға тартады. Облыс орталығы Шымкент қаласының дамуына демографиялық мүмкіндігі, экономикалық әлеуеті, географиялық орналасуы, Өзбекстан, Қырғызстанмен шекаралас болуы дамып, өркендеуіне мүмкіндік берді дейді сарапшы. Түркістан облысының, Шымкент қаласының дамуынан сарапшы болашақта үлкен әлеует күтетінін айтты. «Қазіргі уақытта Шымкент қаласында «Шымкент-2» жобасы қарқынды жүзеге асып келе жатыр. Аталған жобада бизнес-элиталық «Highvill» сынды компаниялардың Шымкентке барып тұрғын үй салуға ұсыныс тастаулары да тегін емес. Демек, бизнес-элитаның басымдық беруі ол жақта үлкен болашақтың бар екенін аңғартады. Екіншіден, аймақта үлкен сауда орындарының, моллдардың бар болуы Шымкентте үлкен қаржылық қордың бар екенін аңғартса керек», - дейді С.Асанов. Сарапшы Шымкент қаласында соңғы уақытта ішкі туризмді дамыту қолға алынғандығын, бұл жұмыс қала әкімі Ғ.Абдрахимовтың жетекшілігімен жүзеге асырылып келе жатқандығын тілге тиек етті. «Бұрындары Шымкент туралы қатып қалған стереотиптер болған, қазір солардың бәрі сынды. Шымкентте алдағы уақытта жақсы нысандар салынады. Әлеуеті зор, бұдан кейін де жүзеге асатын жобалар көп. Шымкенттің болашақта оңтүстік астана атанған Алматыдан да көш ілгері кетуі әбден мүмкін, өйткені географиялық мүмкіндіктер себеп болады. Экономикалық өркендеуге географиялық мүмкіндіктер әсер етеді. Мысалы, азаматтар Шымкентке барсам, ар жағынан Өзбекстанға да табан тірей аламын деген ниетпен барулары да ықтимал»,-  дейді сарапшы.

Сондай-ақ, С.Асанов Түркістан облысында ақша сақтаудың ерекше пішімі барын да атап өтті. Сарапшының сөзінше аймақ тұрғындары қаражатты банкте емес, қолда сақтайды. «Түркістан облысының капиталы нақты белгісіз. Өйткені қаражат банкте сақталмаған соң, қанша миллиард теңгенің барын білмейміз. Яғни адамдар ақшаны қолда сақтайды: малмен, жермен деген сияқты. Яғни облыста ақшаны сақтау формасы бар», - дейді С.Асанов.

Экономика бойынша сарапшы, әл-Фараби атындағы ҚазҰҮ PhD докторанты  Амалбек Өміртай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда қарым-қатынасын дамытуда «Хоргос» іспеттес (Қытай мен Қазақстан шекарасындағы еркін сауда ынтымақтастық аймағы) еркін сауда аймағын құру қажет және оның Түркістан облысына да етер ықпалы бар деп есептейді. «Қазіргі уақытта дәл осындай орталықтың Қазақстан мен Өзбекстан арасында пайда болуы туралы келіссөздер жүріп жатыр, - деген сарапшы мұндай еркін сауда алаңының құрылуы қос мемлекет үшін де өте тиімді екенін алға тартады. Ал аталған орталықтың құрылуы Түркістан облысына оң ықпал тигізіп, Түркістан облысы халқының еңбекпен қамтылуы және облыстың экономикалық дамуына әлеует береді. «Әлемде мына Орта Азия елдері негізінен шаруашылық түрлеріне, экономикаларының дамуына байланысты бір-бірін өзара толықтырып отырушы елдер. Орта Азияның қақпасы ол - Түркістан облысы. Себебі Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық әлеуетті мемлекеттер Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында екі елдің арасында орналасқан қала да осы», - деген сарапшы Түркістан облысы Қазақстанда халқы ең көп тығызданған аймақ екенін және облыстың осы тұрғыда экономикалық белсенділігінің барын алға тартады, себебі, жұмыс күші де баршылық.

Бұдан өзге А.Өміртай бұған дейін Орталық Азия елдеріне ортақ виза жасау туралы әңгімелердің қозғалғандығын алға тартып, егер де мұндай визалар іске қосылса, Қазақстан мен Өзбекстандағы туризмнің кең тыныс алып, жаңа бағытта дами бастайтынын, соның ішінде Түркістан облысының туризмдік әлеуетін арттыруда бұл үлкен сеп болатынын  да атап өтті.

Сондай-ақ, А.Өміртай Түркістан-Шымкент-Ташкент арасындағы дәлізді экономикалық дәлізге айналдыру қажет деген ұсынысын ортаға салды. «Ташкент-Түркістан дәлізі Шымкент арқылы өту керек те жол бойында бар қажет инфрақұрылымдар болуы тиіс: мейрамханалар, қонақ үйлер т.б. Былайша айтқанда Еуропа елдерінде бар ірі экономикалық дәліздер қандай болса, бізге де Түркістан мен Шымкент, Ташкент арасындағы экономикалық дәлізді дәл солай дамыту маңызды. Сол кезде қарым-қатынас жанданып, экономика ортақ өсімге келіп, тұрақты даму болады», - деген пікірде сарапшы.

А.Өміртай Түркістан облысының өзіне тән ерекше әлеуеті ретінде оның географиялық-климаттық қолайлығын айтады. Сарапшының сөзінше географиялық-климаттық артықшылық егін егуге, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. «Облыста онсыз да артық жұмыс күші бар, әрі өзге өңірлермен салыстырмалы түрде алғанда мейлінше арзан. Облыстың жасырын, қолданылмаған әлеуеті әлі де бар, соны қолға алу маңызды», - дейді А.Өміртай.   Бұдан өзге сарапшы Түркістан облысы, Шымкент қаласы болсын аталған өңірлерде электр энергиясы тарифтерінің қымбаттығын алға тартып, тарифтерді дефицитті болдырмау және энергияға арзан тарифтер болу үшін электр станциясының салынуы қолға алынуы тиіс жұмыс деп есептейді. «Аймақта электр энегиясы арзан болса, жеңіл өнеркәсіп, өзге де салаларға бұл сеп болар еді. Бұл мәселе шешілсе, аймақта үлкен өндірістер де пайда болады. Жұмыс күші мен электр энергиясы экономиканың түрлі салаларын дамытуға мүмкіндік береді», - дейді А.Өміртай.



NewsRoom + ақпарат агенттігі үшін арнайы әзірлеген

Сафина САИД

Тегтер: түркістан, сараптама, материал, мақала, дос, көшім, сапарбай, жұбаев, амалбек, өміртай, сейілбек, асанов

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.