Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы чемпион атанды

06 Мамыр, 2019 454 0

NewsROOM+. Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты аяқталды. Соңғы жарыс күнінде Қазақстан Венгрияны оңай жеңіп, әлем біріншілігінің бірінші дивизионының чемпионы атанды, деп хабарлайды sports.kz. 

Cоңғы матчтың 23-ші минутында Никита Михайлис есеп ашса, 41-ші минутта Антон Некряч көзге түсті. 45-ші минутта венгрлер жауап қайтарғанымен, 57-ші минутта Евгений Рымарев мергендігімен танылды. 

Осылайша, Қазақстан командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. 

Естеріңізге сала кетейік, Андрей Скабелканың шәкірттері дивизиондағы азулы командалардың бірі -  Беларусь құрамасын 3:2 есебімен ұтты. Бұл матч аталмыш чемпионат барысында овертаймға дейін созылған жалғыз кездесу. Сондай-ақ, біздің құрама Оңтүстік Кореяны (4:1), Литваны (3:1) және Словенияны (3:2) жеңген болатын. 

Чемпионаттағы бес матчта жеңіске жетіп, 14 ұпай жиған Қазақстан командасы элиталы дивизионға жолдама алды. Сонымен қатар, турнирдің күмісін иеленген Беларусь құрамасы да жоғарғы дивизионға өтеді. 9 ұпай жинаған Оңтүстік Корея үшінші орында болса, 4 орында - Словения, 5 орында - Венгрия. Ал, бар жоғы 3 ұпайды қанағат тұтқан Литва құрамасы А тобынан сырт қалды.

Тегтер: хоккей, нұр-сұлтан, чемпионат, шайба

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.