Жаңалықтар

Ләйлә Сұлтанқызы алғаш рет күйеуімен бірге сұхбат берді

Ләйлә Сұлтанқызы алғаш рет күйеуімен бірге сұхбат берді

«Карантиндегі отбасы» жобасының түсірілімі кезінде қызықты жағдай орын алды. Онлайн тілдесу барысында Ләйлә Сұлтанқызының жолдасы да еріксіз кадрға кіріп кетті. Отағасы жұлдызды жарымен артынша сұхбатқа араласып, отбасындағы кикілжіңдерді шешу жолдарын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ. «Карантиндегі отбасы» жобасының үшінші түсірілімінің қонағы белгілі журналист, медиа тұлға Ләйлә Сұлтанқызы болды. Түсірілімге ол ұлы Сағадатпен қатысты. Екеуі журналист Тимур Балымбетовтың түрлі сұрағына ашық жауап береміз деп, тіпті құпияларын ашып қойды. Балалы үйдің ұрлығы жатпайтынын сұхбат барысында Сағадат бірнеше рет дәлелдеп отырды. Карантинде анасының бәліш пісіремін деп ұятқа қалғанын да айтуды ұмытпады. «Карантин кезінде анамның тағам дайындағанын көп көрген жоқпын. Осы жексенбіде анашым пирог жасаған. Оның дәмін көргенде, үйдегі бар лимонның суын соған құртыпты»,- деп анасын күлдірді. Ләйлә Сұлтанқызы да тамақты дайындауға жоқ екенін жасырмады. «Шындықты айту керек, мен керемет аспаз емеспін. Көмекшім бар, оған сенгендік бар, мен жасаған тамақты күйеуім дәмді деп есептемейді. Ол "сен одан да тамақ жасамай-ақ қой" деп айтады. Әркім өзінің қолынан келетін жақсы іс болады. Сонымен айналысқан дұрыс. Күйеуім рұқсат берді» , - деді ол. Ал карантин талаптарына кейінгі уақытта біраз үйренгенін айтты. «Бұл оқшаулау кезеңінің бір артықшылығы балалармен жақын қарым-қатынас құра білуде»,- деді Сұлтанқызы. «Төрт аптадан бері үйден ешкім шығып жатқан жоқ. Тіпті қоқыс төгуге де сирек шығамыз. Себебі, әкеміз өте қатал. Медицина саласының маманы болғаннан кейін, тазалыққа ден қояды. Бүгінде сырттан кіре берістен бастап дезинфекциялайтын бар затты іліп қойғанбыз. Оны біз аяқ киімге де, киімге де, қолға да себеміз. Вирус өлтіретін кварцқа дейін алып қойдық» , - деді ол. Ләйлә Сұлтанқызы төтенше жағдай кезінде, оқшаулануға мәжбүр болған ата-аналарға «карантин кезінде баланы көп қинамау керектігін» айтты. «Бұл күндері баланы тым әсіре тәрбиелеп, белгілі бір шеңберден шығармай қысып ұстауға болмайды. Балалар онсыз да күйзелісте жүр»,- дейді медиа тұлға. Карантинде үйде отырған ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік болып, ұрыс-керістердің де белең алып жатқаны белгілі. Бұл тақырып та сұхбат кезінде назардан тыс қалмады. Ауыр тақырыпқа көшкен сәтте бөлмеден бөлмеге өткен отағасын Ләйлә Сұлтанқызы ортаға шақырып алды. Ол байқаусызда кадрге кіріп кеткенін түсініп, әңгімеге араласуға келісті. Үйде анда-санда болып тұратын ыдыс-аяқ сылдырын бес минутта шешіп тастаймыз деді отағасы. «Бар ашуым сол бастапқы 5 минутте болады. Сол сәтте, сол 5 минутта бәрін шешіп алуым керек» , - дейді ол. Бұл мінезіне әйелі да төселіп алғанын айтты. «Ең бастысы алғашқы 5 минутқа шыдаса болғаны, әрі қарай өзі реттеледі» , - дейді Сұлтанқызы. «Ерлі-зайыптының қарым-қатынасы оны көріп отырған үйдегі балалардың санасына сіңеді. Келешектегі ана әке рөліндегі моделі осы арқылы қалыптасады. Сондықтан ана мен әкеге жүктелер жауапкершілік жоғары. Тасбауырлықтың, әйеліне, баласына қол жұмсайтын қатігездіктің тамыры үйдегі тәрбиеден басталатыны рас» - дейді хабар қонақтары. «Карантиндегі отбасы» - ешбір коммерциялық мақсаты жоқ, әлеуметтік жоба. Оқшауланған күндері ата-аналарға қолдау көрсетіп, пайдалы кеңестермен бөлісіп, уақытты пайдалы өткізу тәсілдерін ұйымдастыруды көздейді.