Шымкенттік оқушы қыз бірден 20 шетелдік ЖОО-нан шақырту алған

02 Мамыр, 2019 682 0

NewsROOM+. Шымкент қаласының ФМБ НЗМ түлегі Сымбат Кушерова Аустралия, Канада, Франция, АҚШ пен Корея және Швейцария мемлекеттерінің 20 университетінен шақырту алды. Болашағын бизнес және экономика саласымен байланыстыруды жоспарлаған ару әлі өз таңдауын нақты жасап үлгермеген. Бұл туралы мектеп сайтында жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Шынымды айтсам, бала кезгі арманым архитектор болу еді. Бірақ, 2016 жылдың жазында мен бір ай бойы АҚШ-нда "Робототехника және Менеджмент" атты арнайы оқу курсына қатыстым. Дәл осы жерде экономика саласына деген қызығушылығымның бар екендігін түсіндім. Содан бері осы бағытта терең зерттеумен айналысып келемін. Негізі менің анам да эконмист. Сол себепті де осы саланы таңдаған шығармын", - дейді Сымбат.

Зияткер студент түрлі республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, "Алтын белгі" үміткері. Сонымен қатар, ол 2015-2016 оқу жылының "Үздік жыл оқушысы" атанған.

Шетелдіктердің шақыртуына НЗМ түлегі әлі жауап бермеген. Бірақ, ол Бостондағы "Hult International Business School" оқу орнын таңдасам деп отыр.

"Әрине, кез келген оқушы шет елде білім алсам деп армандайды. Мен де солардың бірі едім. Талпыныс пен зор еңбектің арқасында,міне, мақсатыма жетіп отырмын. Шетелдік оқытушылар ата-анама хабарласып, сүйінші жаңалықты жеткізді. Тіпті, Бостондағы ЖОО-ның ректоры әкеме хат жазып, өзінің өтінішін білдірді. Мәтінде мені шет мемлекетке оқуға жіберу туралы және әкемді үш қыздың әкесі ретінде түсінетіндігі жайлы жазды",-дейді Сымбат Кушерова.

Айта кету керек, күні кеше ғана 18-ге толған ару шетелдіктермен өткен "Сұхбаттасу" кезеңінде әкесі өзге мемлекетке жібермеуі мүмкін екендігін атап өткен. Бұл ақпаратты ескерген олар, арнайы Серік Кушеровке Бостондағы ЖОО-ны туралы толық ақпарат BOX жіберген.

Үздік ЖОО-нан шақырту алған Сымбат сынақтың "SAT Reasoning" кезеңінде 1600 ұпайдың 1580-не қол жеткізген. Ал IELTS көрсеткішінде 9 балдың 7,5 ұпайын жинады.

Сонымен қатар, Сымбат Кушерова Назарбаев университетінің NUFYP арнайы тестілеуінен жоғары ұпай еншілеп, аталмыш ЖОО-ның «Direct Admission» бағдарламасы бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Тегтер: шымкент, оқушы, университет, шақырту

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.