Ысқақ Егемберді: елдің игілігі үшін жұмыс істейік

Ысқақ Егемберді: елдің игілігі үшін жұмыс істейік

ашық дереккөзі

   width= Қазір Атырау облысында көп жұмыстар жасалып жатыр. Баспанадан мұқтаждық көріп келген тұрғындар жыл сайын жүздеген пәтерге қолдары жетіп отыр. Одан бөлек жекеменшік үй салып алғандар қанша ма?! Атырау облысында интернетсіз елді мекен жоқ, Азғыр өңірінен басқа. Бүкіл әлемнің хабарын сол сәтте біліп отырғанымыз жасалған жұмыстың нәтижесі емес пе? Агроөнеркәсіп саласында да беріліп жатқан субсидия мен лизинг, т.б. қолдаулар жеткілікті. Құдық қазып, шөп шапқаны, малдың тұқымын асылдандырып, оны көбейткенінің бәріне мемлекеттен ақша бөлініп жатыр. Соның бәрін ұйымдастырып ала білу – әр фермердің өз қабілетіне байланысты. Пандемия кезінде де қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жұмылдырып, елді қиын жағдайдан алып шығуға облыстың бірінші басшысынан бастап бүкіл басшылық барын салды. Соның арқасында медицина саласында дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтармен қамту мәселелері барынша шешілді. Қазір бір топ дәрігерлер келді. Тағы да тапшы мамандармен қамтамасыз етуге жұмыс жасалуда. Білім саласында да көрсеткіштер бұған дейінгі ахуалдан еш төмен емес. Тіпті, бұрынғы қыруар шығын жұмсалатын шаралардың онлайн режимде өтуі миллиондаған қаржыны үнемдеп жатыр. Облыста халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөлінді. Сол арқылы түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтардың тұрмыс-халін жақсартуға жағдай жасалып отыр. Тіпті, ақпараттық қолдау бағытында да тек биылғы атқарылған жұмысты жоғары деңгейде деп айта аламын. Себебі, пандемия кезінде де «Атырау-Ақпарат» медиахолдингіне қарасты газеттердің шығуы тоқтаған жоқ. Журналистер мен баспаханашылар уақытпен санаспай жұмыс жасап, қалыптасқан ахуалды елге жеткізуге барын салды. Басқа салаларда да тер төгіліп, жұрттың игілігі үшін жұмыстар жасалып жатқанын жергілікті халық жақсы біледі. Егер шындап қараса, жер жүзіндегі ең дамыған елдерде де кемшілік бар. Оларда да мұқтаждық жеткілікті. Тек сол елдерде түймедейді түйедей ететіндер жоқ. Керісінше, жасалып үлгерілмеген жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруға тырысады. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ата-бабамыз жақсы айтқан. Бірлесіп, елдің игілігі үшін жұмыстанайық. Гүлдендіруге үлес қосайық. Сонда ғана еліміз үлкен белестерді бағындаратыны сөзсіз. Арзан ұпай жинаудан гөрі іспен көрсеткен дұрыс.

Жүктелуде...