Тоқаев қазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтады

01 Мамыр, 2019 497 0

NewsROOM+. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды Қазақпарат.

Президент Алматыда Республика сарайының алдындағы Абай алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шараға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасуында оңтүстік астанасының үлесі зор екенін атап өтті.

«Құрметті алматылықтар, барлықтарыңызды Бірлік күнімен құттықтаймын. Әсіресе, жастарды. Гүлдену мен татулық тілеймін. Алматыда көптеген ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Әралуандығымызға қарамастан бірлікті сақтау - біздің саясатымыздың мәні осында. Берекелі еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жеттік», - деді ҚР Президенті.

«Көктемнің осындай шуақты күнінде өзімнің туып-өсіп, мектеп табалдырығын аттаған, Қазақстан тәуелсіздігі үшін еңбек жолымды бастаған керемет қалада қонақ болу - мен үшін үлкен құрмет. Алматының аурасы ерекше. Алматылық - қайталанбас бренд және интернационалдылықтың шынайы үлгісі. Қазіргі уақытта бұл қала еліміздің іскерлік, қаржы, мәдени, білім және туристік орталығына айналды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматының жаңа жұмыс орындарын ашып отырған шағын және орта бизнес орталығы екенін айтып, қаланың ел тарихында ерекше рөл ойнағанын алға тартты.

«Дәл осы жерде 1986 жылдың желтоқсанында бұрынғы Кеңес Одағындағы барлық республикалардың әрі қарай дамуына ықпал еткен оқиға болды. Осы жерде Тәуелсіздігіміз туралы декларация қабылданды. Миллиондаған қазақстандықтардың және бүкіл еліміздің тағдыры Алматымен байланысты», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Тегтер: Қасым-ЖомартТоқаев, 1мамыр, мерекекүні

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.