Қыздар университетінде «Ашық есік» күні өтті

30 Сәуір, 2019 604 0

NewsROOM+. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университінде мектеп және орта арнаулы білім ұйымдарын бітіруші түлектерге арналған «Ашық есік» күні өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан хабарлады.

Оның мәліметі бойынша, дәстүрлі шараға Алматы облысы мен Алматы қаласындағы 5 колледж бен 14 мектептен 500-ге жуық бітіруші мен оқушы қатысты. Жиын барысында Қыздар университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің мамандары педагогикалық білім ордасымен кеңінен таныстырып, қабылдау шарттарымен егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ қосдипломды білім беру және академиялық ұтқырлық бағдарламалары туралы да толыққанды ақпарат берді.

– Қыздар университеті әлемдегі тек аруларға арналған бірден-бір жоғары білім ордасы. Оқу орны 75 жыл ішінде 60 мыңнан аса педагог дайындап шығарған киелі шаңырақ. Білікті мамандар дайындауда көш бастап келе жатқан білім ордасында 700-ге жуық тәжірибелі ғалым-ұстаз қызмет атқарады. Екінші дүниежүзілік соғыстың аумалы-төкпелі кезінде – 1944 жылғы тамыз айында іргетасы қаланған бұл дара оқу орнында бастапқыда Тарих, Тіл және әдебиет, Физика-математика факультеттері ашылып, алғашқы оқу жылында 125 студент қабылданып, оларға 20 оқытушы дәріс берді. Ұлағат ұясы деп ат қойып, айдар таққан оқу орнының ашылуына Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров сынды халқымыздың даңқты перзенттері қолдау білдіріп, іргетасының нығаюына елеулі үлес қосты. Университетте мемлекеттік білім гранты негізінде оқитын студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және 3 мезгіл тегін тамақтанады. Қазір сіздердің алдарыңызда қандай кәсіппен шұғылдансам деген маңызды сұрақ тұр. Мұғалімнің мамандығы қай кезде де – ең жауапты да қадірлі, әр уақытта сұранысқа ие мамандық. Сондықтан да, осы абыройлы мамандықты таңдап, университетіміздің студенті болуға шақырамыз, – деп атап өтті Жандар Асан.

Бүгінде оқу орны 42 вакалавриат, 23 магистратура және 4 докторантура мамандығы бойынша мұғалім даярлайды. 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясы енгізілген. Болашақ мамандарға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты және 90-нан астам PhD докторы мен магистрі дәріс береді. Білім ордасы әлемнің 70-ке жуық жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан. Соның ішінде АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті мен Польшаның Силез университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы енгізілген.

«Ашық есік» күні қарсаңында шараға шақырылғандар назарына университеттің өнер ұжымдарының концерті ұсынылды. Онда «Томирис» би ансамблі, «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі мен «Ұлар» этно-фюжн тобы өз өнерлерін паш етті.

Сонымен қатар шара шеңберінде колледж бітірушілері мен мектеп оқушылары Қыздар университетіне саяхат жасап, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, олар «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейінде университеттің құрылуы, қалыптасуы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Ал «Арт-Дара» галереясында университет оқытушылары мен студенттерінің өнер туындыларын тамашалады. Латын графикасына негізделген әліпбиге көшуге орай жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталығында кеңірек білді.


Тегтер: Қазақұлттыққыздарпедагогикалықуниверситі, ашықесіккүні

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.