Түріктерде «қалың мал» бар ма?

Түріктерде «қалың мал» бар ма?

ашық дереккөзі

 width= Қазақтар сияқты түріктерде де құда түсу салты бар. Қызды айттыруға келген кезде ұл жақ арнайы сыйлықпен келеді. Оны түрікше «Bohça» деп атайды. Яғни кішкене сандықшаның ішіне қызға қажетті заттар салынады. Сонымен қатар, гүл шоғы мен тәттілер алып келеді. Екі жастың қосылуы тікелей әкенің қолында. Ұлдың әкесі туыстары арасынан екі-үш сыйлы азаматты ертіп, қыздың әкесіне жолығып, дастарқан басында келген шаруасын айтады. Түріктер арасында қыз жағы іштей келіскенімен, әдеп сақтап, келіспеген сыңай танытады. "Қызым тым жас" дегенді тілге тиек етеді. Жігіт жағы үшінші рет келгенде ғана өздерінің келіскенін айтып, батасын береді. Осы кезде қыз арнайы дайындаған кофесін алып келеді. Күйеу балаға тұз қосылған кофе береді. Бұрындары егер қыздар айттырып келген жігітті ұнатпаса кофесіне тұз қосып беретін болған. Ал қазір қалыпты жағдай ретінде саналады. Дәстүрлерінің бір түрі болып кеткен. Ризалық белгісі ретінде жаңа құдаларға сый-сияпат көрсетіп, дастарқанға палау, халва, шербет қояды. Ас соңында қалыңмал мәселесін шешіп, үйлеріне тарқасады. Қалың мал дегенде біздегідей ақша емес. Мұнда алтынмен өлшенеді. Жігіт жақ егер шамасы келсе қыздың анасына алтын тағады. Әрі қыздың құлағына сырғасын, саусағына сақинасын, білегіне білезігін, мойнына алқасын тағу керек. Әрине арзан алтындар жарамайды. Жігіттің қалтасы көтермесе  қыздың тек бір алтынын ғана алып береді. Тек қыздың туыстары келіссе ғана. Қазақтар мен қырғыздар сияқты түріктерде де алып қашу әрекеті кездеседі. Қалың мал төлеуге шамасы келмейтін, жағдайы нашар жігіт жолдас-жораларымен келісіп, қызды алып қашады. Алып қашудан кейін жігітке қалыңдықтың әкесін көндіріп, онымен қайта татуласу өте қиынға түседі. Татуласқан күннің өзінде де жігітке қалыңмалды біртіндеп болса да төлетеді. Ақшасы жоқ жігіттің қалыңдығына қосылудың тағы бір жолы бар. Күйеу жігіт болашақ ата-енесінің қолына кіріп, қалың мал құнын өтегенше сол үйде жұмыс істейді. Ондай жігіттерді «күшік күйеу» деп атайды. Құнын өтеген соң ғана қалыңдыққа қосыла алады.

Әлия БОСТАН, Түркиядағы Newsroom ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі.

Жүктелуде...