Ақтөбеде 2000 әйел бала сүйе алмай жүр

30 Сәуір, 2019 545 0

NewsROOM+. Ақтөбеде бедеуліктің белең алғаны дәрігерлерді де алаңдатады, деп жазады «Хабар 24». 

Осыдан 2 жыл бұрын қалада экстракорпоралдық ұрықтандыру орталығы ашылған еді. Жылына 40 әйел тегін медициналық тексеруден өтіп, арнайы квота алады. Ал қалғандары өз ақшасына емделуге мәжбүр. 

Сәби сүюді аңсап жүргендердің бірі Айжан Әжікеева бір жылдан бері осы орталықта ем қабылдап жүр. Жасы қырықтан асқан келіншек қиындыққа мойымайтынын айтады. Ол тегін квотаның жетпейтінін де біледі. Сондықтан өз қаржысын жұмсап жүр. Айжан Әжікеева, қала тұрғыны: 

– Барлық анализдерді тапсырып жүрмін. Әрбір 3 ай сайын келіп, анализдерді қайта жаңартып, тапсырамын. Бір жыл болды, дәрігерлердің бақылауындамын. Қажетті ем алып жатырмын. Мұндай орталықтың бар екенін естіген бойда келдім. Бала сүйемін деген үмітім бар. 

ЭКҰ-орталықты ашу үшін жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. Барлық қажетті жабдық алынып, жаңа технология енгізілді. Репродуктолог және эмбриолог мамандар да табылды. Мұнда ТМД елдерінде баламасы жоқ медициналық құрылғылар да бар. Мысалы, анасының құрсағында жатқан баланың ағзасындағы кез келген ауытқушылықты алдын ала анықтауға болады. Бұл әдіс дер кезінде ем жасауға мүмкіндік береді. Жалпы елімізде ерлі-зайыптылардың 20 проценті бедеулік диагнозымен есепте тұр. Ақтөбенің өзінде 2000 келіншек бала сүйе алмай жүр. Орталық ашылғалы бері 18 әйел ана бақытын сезініпті. Бұл – жалпы ем алғандардың 35-40 проценті. 

Гүлнәр Бекбосынова, ЭКҰ-орталықтың меңгерушісі: 

– Тек біздің орталықта 1000 жұп есепте тұр. Олар сәбилі болуды армандайды. 500 жұп тегін мемлекеттік квота арқылы ем қабылдағысы келеді. Алайда бізге жылына тек 40-42 квота бөлінеді. Ол өте аз. Мысалы, қазір тегін квота таусылып қалды. Тек ақылы түрде қабылдап жатырмыз. 

Өңірде экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісінен бөлек, репродуктивті хирургия саласы да жақсы дамып келеді. Заманауи эндоскопия әдісін қолдану арқылы әйелдің бала сүю мүмкіндігін арттыруға болады. Гинекология саласында жасалатын барлық операцияның 90 процентінде осы әдіс қолданып жүр.

Дереккөз: ernur.kz

Тегтер: ақтөбе, бедеулік, бала, дәрігер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.