21 жастағы жігіт қазақтың спорт тарихына жаңалық алып келді

21 жастағы жігіт қазақтың спорт тарихына жаңалық алып келді

ашық дереккөзі

 width= 3 жыл бұрын дәл осы күні 21 жастағы Жалғас Тайкенов Қазақстандағы параканоэ тарихындағы алғашқы Азия чемпионы болды.

Азия чемпионаты туралы

Спортшы қорытынды айналымда 200 метрлік KL-3 жіктелімінде ирандықты басып озды. Осы жетістігінің арқасында алтын медаль иеленді. Ал құрлықтық біріншіліктің қола медалі тайлық спортшыға бұйырды. Аталмыш дода Тайландта өтіп, онда Азияның он елінен 75 атлет бақ сынасты.
«Параканоэ Паразиаттық ойындар бағдарламасына кіреді. Жалғас 2018 жылы Индонезияда өтетін жарыстарға дайындалмақ», - деді Оңтүстік Қазақстан еспелі спорт түрі бойынша федерациясының президенті Денис Жарменов.
Жалғас Тайкенов еліміздегі дәл осы бағыттағы жолашар спортшы. Сол кезеңдерде ол оңтүстікқазақстандық еспелі мектепте жаттығып жүрді. Жалғас бес жасында көлік апатына түсіп, сол аяғынан айырылған. Десе де ол спортпен шұғылдануды басты мақсаты ретінде санайды.

Жалғас Тайкенов кім?

Спорт шебері Атбасардың тумасы. Бала кезінен спортпен шұғылданған. 14-15 жасында спорттың Street Workout атты түрімен айналысты. Бала кезінен спортқа қызыққан жігітті ешкім мойындамаған және спортпен айналыса алатынына сенбеген.
«Менің спортқа деген махаббатым ерекше болды. Алайда біздің қалада барлығы төмен деңгейде еді. Әртүрлі секцияларға жазылғым келгенімен олар мені қабылдамады. Сонымен қатар олар маған спортпен айналысуыма болмайтынын айтты», - дейді ол.
Жас спортшының қабілетіне сенгендер аз болған. Десе де бұл Жалғас Тайкеновке кедергі болған жоқ. Нәтижесінде ол параканоэдан Азия чемпионы атанды.

Ақмарал БЕРЕКЕТ

Жүктелуде...