Диқандар дабыл қағуда: Жетісайда қырыққабат бағасы күрт төмендеген
Диқандар дабыл қағуда: Жетісайда қырыққабат бағасы күрт төмендеген
Бір жылда егіндік жерден бірнеше рет өнім алатын жетісайлық диқандар көктемгі қырыққабаттың бағасы күрт төмендегенін айтып дабыл қағуда, - деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігі.
Оның себебі былтырғы егін маусымында қырыққабат бағасының шарықтауымен тікелей байланысты. Өйткені, өткен маусымда өнімнен қыруар қаржы тапқан дихандар, биыл да сондай нәтиже көреміз деп көктемгі көкөністі көп мөлшерде еккен. Жетісай және Мақтаарал аудандарында былтырғыға қарағанда 4-5 есе көп өндірілген қырыққабат нарықтың төмендеуіне алып келген.
Мақтаарал ауданының тұрғыны, қырыққабат сорты бойынша көпжылдық тәжірибесі бар сарапшы - Нахыпбек Жұмақұлов есімді азамат мәселенің екінші жағы бар екенін де жасырмады. Оның айтуынша, жыл сайын тауарын тікелей Ресейге апарып өткізетін шаруа қожалығының иелері де еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ауданнан асып сыртқа шыға алмай отыр.
"Зейнетке шыққалы егінмен айналысып жүрмін. Диханшылықтың заңы бойынша, бір жыл мол өнім алсаң, келесі жылы ондай табысқа кенелмейтінің анық. Соны біліп, биыл көктемгі қырыққабат өндіруге құлқымыз болған жоқ. Бір жағынан Мақтаарал ауданында қырыққабат егу үшін егіндік суы мол болуы керек. Ал жергілікті шаруалар су тапшылығына ұшырайтыны тағы бар. Мәселен, Сырдария каналы біздің ауылдан бірнеше шақырым жерде ғана арындап ағып жатыр. Десе де, диқандар су тапшылығының зардабынан әлі құтылған емес. Биыл да қырыққабат еккен әріптестерім осы проблемамен біраз алысты. Құзырлы мекемелердің де табалдырығын тоздырғанын білем. Нәтиже жоқ. Егіндікке түрлі аппаратпен қинала су тартып, маңдай тері мен талай еңбегін жұмсаған өнімі енді егін басында қалып қоюдың алдында тұр", - дейді ол.
Айта кетейік, аталған аудандарды былтырғы қырыққабат бағасы 1 келісіне 180-200 теңге болса, қазір 1 келі қырыққабатты 10 теңгеден сатудың өзі мұң болып тұр.
Бұл тақырыпты қозғап отырған себебіміз де бекерге емес. Бүгін редакциямызға Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округінің жеке кәсіпкері, "Атамекен – Агро" ЖШС-ның басшысы Шынболат Қындыбайұлы және аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаеваның ұйымдастыруымен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 4 тонна қырыққабат өткізіп, қайырымдылық жасағаны туралы ресми ақпарат келіп түсті.
Қырыққабат 52 жалғызбасты қарт пен 19 аз қамтамасыз етілген отбасыларға 2 тонна үлестіріліп берілмек. Қалған 2 тоннасы Асықата кентіндегі 46 жалғызбасты қарт мен 42 мүмкіндігі шектеулі балаларға және 12 аз қамтылған отбасыға беріледі екен.
Әрине, елде төтенше жағдай орын алып, қиын-қыстау заман келгенде қайырымдылық - қайырлы іс екені анық. Десе де, егін басында қалып құр шіріткенше, өз бағасына даөткізе алмаған өнімін қайырымдылыққа үлестіргеннен басқа, шаруалардың амалы бар ма, - деген ой келеді.
Автор: Динар КЕРІМ