"Төмендету бар сияқты": атамекеніне алғаш рет келген Өзбекстан қазағының әңгімесі

28 Сәуір, 2019 725 0

NewsROOM+. Илгиз Хамитовтың айтуынша, Өзбекстандағы қазақтардың тұрмысы жақсы, түрлі шаруашылықпен айналысады.

Елордада тарихи отанына оралған, әрі шетелде тұратын қазақтар арасында шағын футболдан халықаралық турнир өтуде. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі тарихи отанына алғаш рет келген Өзбекстан қазағы Илгиз Хамитовпен сұқбаттасты.

26 жастағы Илгиз Хамитов Өзбекстанда туып өскен. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан ала доп бәсекесіне өз командасымен келіпті. Мақсаты – халықаралық турнирде жеңіске жету.

Әңгіме барысында ол өзбек елінде білім алғанын, бүгінде Науаи облысындағы кәсіпорындардың бірінде тер төгіп жүргенін айтты.

"Науаи облысындағы Заварбат деген елді мекенде тұрамын. Облыс Ташкент қаласынан 500 шақырым жерде орналасқан. Мен "Рупият" зауытында слесарь болып жұмыс істеймін, - дейді ол.

Сонымен қатар қазақ жігіті жат елде сүйікті кәсібімен шұғылданып жүргенін атап өтті.

"Әрине, өз мамандығымды жақсы көремін, ұялмаймын. Қазақстанда бұл мамандыққа басқаша көзқарас бар екенін естігемін, төмендету бар сияқты", - деп Илгиз Хамитов ағынан жарылды.

Сұқбат барысында ол Науаи облысындағы қазақтар түрлі кәсіппен шұғылданатынын, тұрмыстары жақсы екенін айтты.

"Науаи облысында қанша қазақ түтіні бар екенін білмеймін. Бірақ онда қазақтар көп. Олардың тұрмыстары жақсы, әртүрлі кәсіппен шұғылданады: бизнес, мал, егін шаруашылығы деген сияқты. Құдайға шүкір, мұнда барлығы жақсы", - деді Өзбекстандағы қазақ жігіті.

Әңгіме барысында Илгиз Хамитов Қазақстанға алғаш рет келгенін, жақсы әсер алғанын атап өтті.

"Қазақ еліне бірінші рет келіп тұрмын. Нұр-Сұлтан қаласын араладым. Мұнда көркі көз тартар әсем ғимараттар көп екен. Барлығы ұнады. Осында оқығым келеді. Ниет бар", - деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы Жас-Батыр спорт кешенінде шағын футболдан халықаралық турнир өтіп жатыр. Оған Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Ресей, Қырғызстан елдерімен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және өзге облыстардан 24 команда қатысып жатыр. Жарыс ертең аяқталады. Спорттық шараның жүлде қоры – 3 миллион теңге.

Тегтер: қазақстан, өзбекстан, қазақ, оралман

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.