Шымкент: "Абай сөзі" онлайн-оқулары өз мәресіне жетті
Шымкент: "Абай сөзі" онлайн-оқулары өз мәресіне жетті
Оған жалпы 253 адам қатысты. Оның ішінде ТМД елдерінен – 45, өзге мемлекеттерден – 21, елімізден 187 қатысушы ақынның туындыларын жолдады. Достастық елдерінен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан Республикаларынан, сонымен қатар, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Франция, Болгария, Оңтүстік Корея, Грузия, Үндістан мемлекеттерінің азаматтары белсенділік танытты.
Атап айтқанда, Ресей Федерациясынан Анна Кудряшова «Молодым до науки дойти я не мог», Зипенкова Влада «Сын мой, подрастешь и ты…», атты ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдерін өресіне сай қылып жеткізе алды.
Ал, Ағаева Феруза ақынның бірінші қара сөзін әзірбайжан тілінде орындады. Бүгінде ол Әзірбайжан Республикасы Баку Мемлекеттік университетінің профессоры, Абай орталығының жетекшісі. Қазақ ақыны туралы зерттеу жұмыстарымен айналысып, үш кітап, қырыққа жуық ғылыми жұмыстар жариялаған.
Одан өзге, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Франция, Грузия жерлерінен де қатысушылар белсенділік танытқан.
Қазақстандық қатысушылардың ішінен Абай шығармаларын ағылшын тілінде оқыған Ғалымжанқызы Талшын, айрықша мәнермен оқыған Темірханов Ринат, үш тілде оқыған өзге ұлт өкілі Овеян Ани, төрт жастағы Ұзақбай Нұрислам ерекше көзге түсті.
Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан арнайы дипломдар мен Абай Құнанбайұлының кітаптары табысталды.