Жаңалықтар

Шымкентте жастар практикасы тиімді ұйымдастырылған

Шымкентте жастар практикасы тиімді ұйымдастырылған

 width= Шымкентте жастар практикасын ұйымдастыру шаралары түзу жолға қойылған. Қала кәсіпорындары мен мекемелері, ұйымдары арасынан жастар орталығы мен жұмыспен қамту бөліміне өтініш беріп, жастарды тәжірибеден өткізуге ниеттенгендер көп.  Былтыр 370-ке жуық мекемемен жастарды практикадан өткізу бойынша келісімшарт түзілген. Биыл ірі кәсіпорындармен келісім жасалуда. Бүгінде Шымкенттің еңбек нарығында денсаулық сақтау саласының мамандары (тіс дәрігерлері, акушерлер, медбикелер), техниктер мен технологтар, стандарттау және сертификаттау мамандары, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының мамандары, биологтар, мұнай және газ кәсібінің иегерлері, туризм және ауылшаруашылық мамандары үлкен сұранысқа ие. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы жас буын өкілдерін «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесінен өтуге шақырады. Бұл бағдарламаға техникалық, кәсіби орта арнаулы оқу орындарын бітірген, жоғары білім алған және жоғары білімін жетілдірген, оқу орнын соңғы үш жылға дейінгі кезең ішінде бітірген, жасы 29-ға дейінгі жастар қатыса алады. Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатта болып, ол алты ай мерзімге ғана жалғасады. Жастар практикасы барлық меншік түріндегі мекемелер мен ұйымдарда жүргізіледі. Тиісті өтінішті бір жылдан кем емес мерзім бойынша жұмыс істейтін жұмыс берушілер бере алады. Жастар практикасы бойынша мекемелер мен ұйымдарда ашылатын жұмыс орындарының санына шектеу қойылмайды.