Шымкентте шағын және орта бизнес қалыпқа келіп жатыр
Шымкентте шағын және орта бизнес қалыпқа келіп жатыр
Шымкентте пандемияға байланысты қабылдаған шектеу шараларынан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 19,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, дағдарысқа қарсы шаралар жобасы бекітілді.
- Төтенше жағдай кезінде арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді. Қазір барлық кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай кезінде дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын құрдық. Мемлекеттік бағдарламалардың бәрін жинақтап, кәсіпкерлердің назарына жеткіздік. Ең қажетті мамандары келмей қалған кәсіпорындардарға көмектестік, - деп атап өтті Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустиралды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Талғатұлы.Карантин шаралары кезінде оразан зардапты қызмет көрсету саласы көрді. Яғни, сауда үйлердің, базарлардың жұмысына уақытша шектеу қойылды. Бүгінде кәсіпкерліктің бұл саласы жұмысын қайта бастады.
- Біздің негізгі басымдығымыз – экономикалық әлеуметтік жағдай. Экономикалық әлеуетімізді құлдыратып алмауымыз керек. Сол себепті кәсіпорындар санитарлық нормаларды сақтап жұмыс істейтін болса, жағдайды толық тұрақтандыруға болады, – деді басқарма басшысы.Айта кетсек, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша Шымкент қаласында 2020 жылы мамыр айында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің саны 71 010 бірлікті құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға артты. 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен белсенді қамтылғандар саны – 153,1 мың адам. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,6% құрады (2019 ж. – 138,5 мың адам).