Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұжымымен кездесті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті — дамыған білім беру және зерттеу инфрақұрылымы бар көп профильді жоғары оқу орны. Мұнда бакалавриатта — 135, магистратурада — 143 және докторантурада 19 мамандық бойынша кадрлар әзірленеді.
Университет ұжымына шақыртуы үшін алғыс айтқан қала әкімі қазір терең логикалық ойлау қабілетіне ие, тың идеялар ұсынып, жаңа тұрпатты техника мен технология жасай алатын, жаһандану жағдайындағы сан құбылған еңбек нарығының талаптарына тез бейімделе білетін кәсіби кадрлар даярлаудың қай кездегіден де маңызды екенін атап өтті.
«Биыл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарын академиялық лигаларға бөлу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді. Бірінші санатқа ғылыми зерттеу жүргізу әлеуеті жоғары, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті және өңір экономикасына ықпал ете алатын университеттер енеді. Сіздердің ғылыми инновацияларыңыз қаладағы әлеуметтік ортаның тартымдылығын арттырады және өңірдегі өмір сүрудің сапасын жақсартады. Біз Сіздердің экономиканың драйверіне айналатын кәсіптік университет ретінде даму мен жаңа технологиялық элитаны қалыптастыруға бағытталған стратегияларыңызды қолдаймыз. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.