Сайлау жақындаған сайын Қазақстанның мұғалімдеріне оппозицияда жүрген Жанболат Мамай сияқты азаматтарға лайк басуға болмайды. Мысалы Атырау облысы, Жылыой ауданының білім бөлімі бүкіл мектеп директорларына деп бұйрық шығарған. Онда мұғалімдердің қай әлеуметтік желіде кімге лайк басып, комментарий жазып жүргенін саралауды тапсырған. Алайда әкімдік бұны әлі де болса еркіндікті шектеу деп есептемейді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. Жылыойдың білім бөлімінің басшысы Гүлжансара Таңатарова аудан әкімі орынбасарының тапсырмасына сәйкес, барлық мектеп директорына мұғалімдердің әлеуметтік желідегі парақшасына мониторинг жүргізуді міндеттейді. Тіпті, әр директор ай сайын есеп беруі тиіс.
Бұған себеп – кредиттік амнистияны ұсынып жүрген Жанболат Мамайдың постына ұстаздардың лайк қойғаны. Осындай мәтіндегі бұйрықты көрген жылыойлық мұғалім Жанаргүл Шарғабаева бұның шектен шыққандық екенін айтты.
«Хатты көргенде қатты ренжідім. Маған қатты әсер етті. Ауданда, облыста проблемалар айтып, мұғалімдер мәртебесін көтеруге өз үлесімді қосып жүргендіктен маған қатты әсер етті. Мені тұсап тастағандай болды. Әлеуметтік желіде кімге лайк басамыз, кімге баспаймыз ол менің өз еркім сияқты. Алайда осы еркімді шектеп отыр», – дейді Жанаргүл ШАРҒАБАЕВА.
Бұл бұйрықтың көшірмесі Жанболат Мамайға да жетіпті. Қоғам белсендісі мұндай тапсырманың тек Жылыойға емес, бүкіл Қазақстан бойынша берілгенін айтып өтті.
«Бұл хат өздерінің еркімен жазылмаған. Республика бойынша сайлаудың қарсаңында оппозициялық күштер бірігіп жатқан тұста, сайлауға байкотқа шақырып жатқан тұста, міне, осындай тапсырмаларды беріп жатыр деп есептеймін», – дейді Жанболат МАМАЙ.
Ал аудан әкімдігі бұндай тапсырманың берілуін қате деп санамайды. Ұстаздардың түрлі бағыттағы посттарды қолдап, комментарий жазуы өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізеді дейді. Ал хат тек ұсынымдық сипатта жазылған. Дегенмен аудан әкімі осыған орай арнайы жиын өткізіп, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыға «қатаң сөгіс» және аудан әкімінің орынбасарына қадағаламағаны үшін «сөгіс» бергенін хабарлады.