«BIRGEMIZ: BILIM» жалпыұлттық жобасы Маңғыстау облысында

«BIRGEMIZ: BILIM» жалпыұлттық жобасы Маңғыстау облысында

ашық дереккөзі

 width= 2020 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Волонтер жылы» деп жарияланған болатын. «Волонтер жылының» аясында салалық волонтерлікті дамыту үшін 7 жалпыұлттық жобаны іске асыру жоспарланған. Осы мақсатта ұйымдастырылған 7 бағыттан тұратын «Біргеміз» жобасының бір бағыты – «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында еліміздің 14 облысында  жүзеге асырылды. Маңғыстау облысында «Біргеміз: Білім» жобасын «А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы» мекемесі ұйымдастырды. Аталмыш жоба мақсаты – өңірлік 100 волонтерді жұмылдыру арқылы ауыл мектептерінен іріктелген 1000 оқушыға волонтерлік көмек көрсету. Бұл үшін жоба жұмысына өтінім білдірген волонтерлерді іріктеуден өткізетін арнайы Эксперттік кеңес тобы құрылды. Олардың құрамында қоғам белсенділері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, облыстық Білім басқармасының мамандары және мектеп директорлары бар. Жалпы, жоба жұмысы төмендегі  бағытты қамтыды:

  • ҰБТ-ға дайындық;
  • Ағылшын тілін үйрету;
  • Компьютерлік және құқықтық сауаттылық;
  • Олимпиада мен ғылыми жобаға дайындық.
Аталған бағыттар бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына 2020 жылдың наурыз-қараша айларының аралығында тегін курстар мен семинарлар ұйымдастырылды. Жоба аясындағы іс-шараларға Маңғыстау облысының Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарының оқушылары қатысты. Оқушыларды іріктеу барысында әлеуметтік осал топқа жататын оқушыларға басымдық берілді.  width= Курстарға тоқтала кететін болсақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курсына қатысқан оқушылар кешенді дайындықтан өтті. Сабақтардың тиімділігін арттыру мақсатында міндетті және бейіндік пәндер бойынша видеосабақтар түсіріліп, оқушылар тақырыптарды еркін меңгеруге мүмкіндік алды. Тестілеу нәтижесі бойынша 22 талапкер 100 баллдан жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 80 оқушы  мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды. Ағылшын тілін үйрену курсында 250 оқушы Elementary және Pre-Intermediate деңгейлері бойынша 2 айлық курстан өтті. Құқықтық сауаттылық семинарына 300 оқушы қатысып, баланың негiзгi құқықтары мен мiндеттерi, бала және отбасы, бала және қоғам, балалардың тұрмыстық қауіпсіздігі тақырыптары бойынша мамандардан кеңес алды. Жобаның келесі бағыты – пәндік олимпиадаға дайындық курсына 40 оқушы қатысты. Оқушыларға 10 пән бойынша арнайы видеосабақтар түсірілді. Ал ғылыми жоба жұмысына дайындық курсында оқушылар волонтер-оқытушылардың көмегімен ғылыми жұмыстың жазылуы, тақырып таңдау, әдебиеттермен жұмыс жүргізу бойынша кеңестер алып, волонтерлердің жетекшілігімен ғылыми жұмыс дайындады. «Біргеміз: Білім» жобасының маңызды бағыттарының бірі – компьютерлік сауаттылық курсына қатысқан 300 оқушы мектеп оқушылары білуі тиіс компьютерлік дағдыларды қалыптастырды. Курс барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі онлайн кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылып тұрды. Атап айтсақ, ҚР БжҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Дидар Смағұловпен, BTS Education компаниясының директоры Саясат Нұрбекпен, «Дарын» РҒПО директоры Ақжол Боранбаймен, Google-дің бағдарламашы-инженері Қуаныш Омаровпен, 2018, 2019 жылдары ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектермен және т.б. кездесулер өтті. Жалпы, жоба аясында атқарылған жұмыстарға барлығы 100 волонтер жұмылдырылды. Олардың қатарында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқутушылары мен студенттері, НЗМ мен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері, қосымша білім беру орталықтарының мамандары болды.

Жүктелуде...