1948 жылдан бері «Алтын қорда» сақталған мұралар жинақталып, 1000 данамен жарыққа шығады

19 Сәуір, 2019 608 0

NewsROOM+. «Дала фольклорының антологиясы» аудиожинағы 1000 данамен жарыққа шығып, ұлттық және республикалық кітапханалар мен жоғарғы оқу орындарына, өнер мектептеріне таратылады.

«Аудиожинақты шығару үшін арнайы топ құрылып, «Алтын қорымызда» сақталған рухани жәдігерлер бойынша жинақ әзірлеуге кіріскен болатын. Антология-еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі аудиторияны қамтиды. Өйткені жинақ 7 бөлімнен тұрады. Ертегі, батырлар жыры, әндер, күйлер, айтыс, салт-дәстүр, атадан қалған асыл сөз атты бөлімнен кез-келген адам өзіне рухани азық алады», - деді «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали.

Қазақ радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері «Ертегі» айдарымен 350 хабар дайындалған, соның ішіндегі 70 қазақ ертегісі «Ертегі» айдарымен жинаққа енді.

Ал батырлар жырының 50 нұсқасы 2015 жылы термеші Ақан Әбдуәлінің ұйымдастыруымен еліміздің белгілі жыршыларының орындауында қайта үнтаспаға жазылды. Соның бәрі «Дала фольклорының антологиясы» жинағына топтастырылды. «Батырлар жыры» айдарымен 19 жыр және «Күй» айдарымен 160 күй енді. Айтысқа келсек, 1960 жылдан сақталған сапасы жоғары деген 10 айтыс іріктеліп алынды. Сондай-ақ, 76 дәстүр түрі осы анталогияда жинақталды.

Сонымен қатар, қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілері топтастырылған жинақтың көпшілікке қолжетімділігін арттыру мақсатында оның арнайы сайты мен мобильді қосымшасын әзірлеу де қолға алынып отыр.

«Бұл сайтта антологиямен қатар, «Тұлғалар», «Оқиғалар», «Керек дерек», «Балалар әлемі» сынды бөлімдер де орын алады. Ол үнемі пайдалы контентпен жаңартылып тұрады», - деп атап өтті Құрманбек Жұмағали.

Айта кетсек, мамыр айының 16-18 күндері аралығында Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде халықаралық конференция өтеді. Оның аясында шетелдік этнограф ғалымдарға «Дала фольклорының антологиясы» таныстырылады.

Тегтер: Далафольклорыныңантологиясы, аудио, контент

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.