Отшашу. Бір тәулікте 587 адам ауырды. Елімізде Жаңа жыл мерекесі тойлана ма?

Отшашу. Бір тәулікте 587 адам ауырды. Елімізде Жаңа жыл мерекесі тойлана ма?

ашық дереккөзі

 width= Қазақстанда өткен тәулікте 587 адамның коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 231, Қостанайда – 57, ал Нұр-Сұлтан қаласында – 47 адамнан вирус анықталды. Басқа облыстар мен қалаларда эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге болады. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 118 мыңнан асты. Кейбір облыстарда карантин шаралары күшейтіліп, облыстың бас санитар дәрігерлері жаңа қаулы қабылдап жатыр. Ал бүгін Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа жылдық іс-шаралар туралы айтты. Олар бұл мәселенің әлі шешілмегенін ескертті. Олардың өтуі немесе болмауы эпидемиологиялық жағдайға байланысты екен.

«Жаңа жылдық іс-шараларды өткізу және олардың форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Қазір көріп отырғанымыздай, іс-шаралардың көпшілігі онлайн режимінде, сондай-ақ санитарлық нормалар қатаң сақтала отырып өткізіліп жатыр», - деп түсіндірді әкімнің баспасөз қызметі.
Осыған сәйкес, жаппай мерекелік шаралардың күшін жою мүмкіндігі бар. Ал әкімдік бұл мәселе бойынша толығырақ жауапты кейін беретінін айтты.
«Біз қосымша ақпарат береміз», - деді олар.
Azattyq Rýhy-ның хабарлауынша, пандемияға қарамастан, Жаңа жыл қамын жаздан ойлаған мемлекеттік мекемелер бар. Еліміз коронавирустың екінші толқынына дайындалып, (дәрі-дәрмек қорын көбейтіп, ауруханалардағы бос орындарды көбейтіп, сонымен қатар халыққа түсіндіру шараларын жасап) жатқанда, кей аймақтардағы мекемелер мемлекеттік сатып алу сайтында Жаңа жыл дайындығына қызу кірісіп кеткен. Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданындағы шенеуніктер қыс басталмай, қаланы безендіру шараларын жүргізіп жатыр. Олар тек бір қызмет түріне 18 млн теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Сатып алу тамызда өткен болса, ол жерде «LED Impress Lighting» ЖШС жеңімпаз атанды. Бұдан басқа Қарағанды әкімдігіне қарасты №23 орта білім беретін мектебі, Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының мектебі, Балқаш қаласының әкімдігіне қарасты тұрғын-үй шаруашылық жөніндегі бөлім жаңа жылға дайындалып жатыр. Бүкіл әлем коронавирустың екінші толқынына қамданып жатса, біздің әкімдер мен шенеуніктер жаңа жыл мерекесін тойлауды ойлап, соған алаңдап жатқан секілді. Естеріңізде болса, Қазақстанда коронавирустан өлім-жітімнің өсуі кезінде Астана күніне арналған ауқымды мерекелік отшашу ұйымдастырылған еді. Отшашу Есіл өзенінің жағалауында, Ботаникалық бақ және Пушкин – Абылайхан көшелерінің қиылысында болды. Отшашуға бюджеттен қаржы бөлінбеген. Шара демеуші қаражаты есебінен ұйымдастырылған болатын. Бұған ашуланған астаналықтар отшашуға байланысты қала әкімдігіне шағымданды. Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі жауапсыз қалмады. Олар пандемияның қызған уақытында ұйымдастырылған отшашуға байланысты түсінік берді.
«Астана күніне отшашу жыл басында жоспарланған болатын, демеушілер материалдар сатып алып, орындарды анықтады. Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған», - деді қала әкімдігі.
Астана күнін тойлау отшашумен аяқталды. Әлеуметтік желіде кейбір қазақстандықтар осыған байланысты наразылық білдірді. Тіпті, отандық жұлдыздардың да бұл іс-шараға қарсы екендіктерін парақшаларындағы жазбаларынан көре алдық.
«Бұл отшашу ненің құрметіне атылды? Әлде коронавируспен ауырғандар бойынша әлемде бірінші орынға шығуымыздың құрметіне ме? Адамдар тыныс алатын баллон мен кислород таба алмай жүрсе, астанада отшашу ұйымдастырып жатыр. Осы қарқындарыңыздан таймаңыздар! Келесі жылы да жалғастыруға тілектестік білдіремін. Бірақ ол кезде тойлайтын ешкім болмайды», – деп жазып еді Димаш Құдайберген әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осылай халық шілдеде отшашу деп бір көтеріліп еді. Алда жаңа жыл мейрамы келе жатыр. Бұл мерекеге байланысты да отшашу атылып немесе басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуы мүмкін. Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл мәселенің толық шешілмегенін, алдағы уақытта қосымша ақпарат беретінін айтып отыр. Жалпы Қазақстан бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деуге келмейді. Желтоқсан айының соңына дейін екінші толқынның басталып кетпейтініне кім кепіл?! «Астана күні» секілді «Жаңа жыл» мерекесі де халықты дүрліктірмесе деген тілек бар.

Ақмарал БЕРЕКЕТ

Жүктелуде...