"Ақшау жинауға қатыспауға шақырамын!" деген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан facebook парақшасында жалпыға ортақ жазба жариялады. Жазбада білім саласындағы жемқорлық туралы сөз болған.
Шымкенттің мектептеріне жұмысқа тұруды жүйеледік. Пара бермей жұмысқа тұру мүмкін екенін биыл мұғалім болғандардан сұраңыз, растайды. Тамыз айынан бермен қарай, 349 мұғалімді жұмысқа қабылдадық. Онлайн және офлайн олармен екі рет жүздестім. Бұл тәжірибемізді басқа облыстар да зерттеп жатыр. Бұдан былай балабақша мен колледж қызметкерлерін де осы жүйе арқылы жұмысқа аламыз.
Білім ұйымдарының басшыларын жұмысқа алуды да қатаң талаптарға сай өткізіп жатырмыз. Оған тәжірибелі ұстаздар, қоғам белсенділері мен журналистер куә.
Білім беру саласын тазалай алмасақ, сапалы білім туралы айтудың өзі артық. Білім басқармасы, мектеп директорлары, мұғалімдер мен ата-аналар көлеңкелі келеңсіздікке жол бермей, күш-қайратымызды бір мақсатқа жұмылдырсақ, балаларымызға сапалы білім беру жолында күш біріктірсек, Шымкент қаласының білім саласын Қазақстанда алдыңғы қатарға шығаратынымызға сенемін.