Карантин талаптарын орындау – тәртіпке, заңға бағыну

Карантин талаптарын орындау – тәртіпке, заңға бағыну

ашық дереккөзі

 width= «Мектептер жабық тұр. Бала бақша жұмысын тоқтатты. Мешіттер де әлі күнге жабық. Бұның бәрі бекер емес, карантин режимінің талабы сондай. Мал базары да сол талапқа сай қызмет етсін»! Қарабұлақ ауылындағы мал базарын ашу мәселесі бойынша мониторингтік топтың отырысында ауыл ақсақалдары осылай деді. Бүгін Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде мал базарын ашу жөнінде аудан әкімі Ұ.Сәдібековтың қатысуымен жиналыс өтті, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары, ауданның бас санитарлық дәрігерінің орынбасары, ветеринарлық қызметтің, Сайрам ауданының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының өкілдері және мал базарының директоры У.Хасанов, сондай-ақ Қарабұлақ ауылының тұрғындары қатысты.  width= Жиында мониторинг топ мүшелері өз саласына қатысты ескертулерін айтты. Мысалы карантин талаптарына сәйкес кез-келген қоғамдық орындарды дезинфекциялау шарт. Дегенмен, мобильді топ мүшелері бірқатар кемшіліктерді анықтағанын алға тартты, одан бөлек, мониторинг жүргізу кезінде кедергілерге тап болғанын айтты. Осы тұста аудан әкімі заң баршаға ортақ екенін еске салды.

«Бұған дейін Қарабұлақ «Қазақстандағы ең үлкен ауыл», «елді етпен қамтып отырған ауыл», «халқы еңбекқор» деген жақсы атпен танылып келген еді. Енді «Карантин режимін сақтамайтын Қарабұлақ», «Заңды бұзатын Қарабұлақ», «Заңсыз құрылыс жүргізетін Қарабұлақ» деген жағымсыз аты шығып бара жатыр. Әрбір заңға бағынбаған ауыл тұрғыны, кәсіпкерлері осы атқа үлес қосуда», – деді Ұ.Сәдібеков.
Қазіргі таңда мал базары өз жұмысын бастау үшін ең әуелі "InfoKazahstan" сайтына тіркелуі тиіс. Содан кейін ғана Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 3 қарашада шыққан №44 қаулысында көрсетілген 27 нақты талапты орындай отырып, өз жұмысын бастай алады. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер: базар аумағында дезинфекциялық ерітіндіге арналған арнайы ыдыстың болуы, әр 50-100 метрге антисептик орнату, мал базардың кіре беріс қақпаларында дене қызуын өлшеу, маскалық режим мен арақашықтықтың сақталуы, сонымен қатар көлік үшін арнайы ағаш үгіндісінен әзірленген «дезинфекциялық кілемшенің» қажеттігі түсіндірілді.  width=
«Болмашы дүниеден саяси астар іздеп, адам жинап, дүрліктіре берудің қажеті жоқ. COVID-19 вирусы тек біздің Қарабұлақ ауылына немесе ауданға, біздің елге қауіп төндіріп қойған жоқ, бүкіл әлемді әуреге салды. Пандемияның бірінші толқынында 400-ден астам аудан тұрғыны осы індетпен тіркелді. Ал қайтыс болған адамдардың санын тіптен айту қиын. Бүкіл әлем «екінші толқыннан» қауіптеніп отырғанда, біз қалай сақтанбаймыз? Өздеріңіз білесіздер, біздің ауданда 600-ден аса ауыр жүк көліктері бар. Соның жартысы Қарабұлақта. Кім кімнен де бүгінде талап етілетіні - карантин режимін қатаң ұстану. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, 27 талапты орындап, мал базарын аша беріңіз. Сол ғана», – деді өз кезегінде аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков.
Мал базарының басшысы Уткир Хасанов жоғарыда аталған қаулының барлық талаптарын сақтай отырып, жұмысты жүйелі жүргізуге кірісетінін жеткізді. Ал ауыл ақсақалы Хамрақұл Дауранбеков және ауыл биі Рысдаулет Ысраилұлы басты игіліктердің бірі – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қорғау және оны нығайта түсуге шақырды. Мектеп пен мешіттің текке жабылып тұрмағанын айтқан ақсақалдар мал базарының да көпшілікке ортақ талаптарға сай қызмет етуі қажет деп санайтынын жеткізді.  width=

Жүктелуде...