Елге 18 жыл бұрын келген қандасымыз әлі күнге дейін азаматтық ала алмай жүр

Елге 18 жыл бұрын келген қандасымыз әлі күнге дейін азаматтық ала алмай жүр

ашық дереккөзі

 width= Түркістан облысының тұрғыны туған 4 баласын өз атына аудара алмай жүр. 38 жастағы Қалбек Кентаев Өзбекстан Республикасының азаматы болғандықтан, перзенттерін қазақстандық жұбайының тегіне жаздыруға мәжбүр. Өзі бірнеше рет азаматтық алу үшін елшілікке  барғанымен, әлі күнге нәтиже шығара алмай жүргенін айтады. Соның кесірінен тұрақты жұмысқа орналаса алмай, не денсаулығын қарата алмай әлекке түсіп жүр екен. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Қалбек Кентаев Қазақстанға 2002 жылы келіпті. Нұр-Сұлтанда құрылыста жалданып жұмыс істеп жүргенде аяқ астынан істі болып, үш жыл түрмеде отырған. Міне сол уақытта оның өзбекстандық төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен. Абақтыдан шыққан соң, құжатын рәсімдемекке Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне өтініш хат тапсырғанын айтады. Бірақ содан бері жауап жоқ, дейді ол. Қалбек КЕНТАЕВ, Өзбекстан азаматы:

«Посольствоға барған кезімде маған бір жылдан кейін штрафын төлеңіз деп айтты. 10 мың теңге штрафын төледім. Бір жылда келсеңіз справка беремін деді. Содан кейін, Қазақстан азаматтығын аласың деді. Сонымен екі мәрте бардым посольствоға».
Қалбек осыдан 10 жыл бұрын Жетісайлық Ұлдықыз Үкібаевамен отау құрып, бүгінде 4 перзентті тәрбиелеп отырғанын айтады. Бірақ өзі Қазақстанның азаматы болмағандықтан, жұбайымен заңды некеге тұра алмапты. Осы күні балаларының бәрі анасының тегіне жазылған. Өкініштісі сол, сүйіп қосылған жолдасы бола тұра, жары әлі күнге жалғыз басты ана ретінде саналады екен. Ұлдықыз ҮКІБАЕВА, Қалбек Кентаевтың жұбайы:
«Маған сіз жалғыз басты ана боласыз деді. Күйеуімнің есептелмейтінін айтты. Менде некеде загсте болғым келеді. 4 бала өздерінің әкесінің атында болғанын қалаймын. Қазір қандай құжат тапсырсам да балаларымның ақшалары, әлеуметтік көмек жағынан да бірінші загс сұрайды».
Осы күні отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан әр күні әркімге жалданып, әр жерде еңбек етеді. Тапқан табысын отбасының ас-ауқатына жұмсайды. Айтуынша, жеке кәсіп ашқысы келеді екен. Бірақ құжатсыз оны ешкім қабылдамайтыны тағы бар. Қалбек КЕНТАЕВ, ҚР азаматтығын ала алмай жүрген жан:
«Милицияларды көрген кезде менен паспортың қайда деп сұрайды. Сол жағы қиын болып жатыр. Өткенде мен вагонда жұмыс істеп жүрген кезімде солдаттар мені тексерген. Сөйтіп мен құжат үйде дедім. Басқа не айтамын?! Сол Қазақстан азаматтығын ала алмай жатырмын. Ал бір жерге қаралатын болсам, больницаға ол да Қазақстан азаматтығын сұрайды. Өзбекстанның несін қарамаймын дейді».
Амалы таусылған Қалбек Кентаев енді тілшілерден көмек сұрауға мәжбүр. Тездетіп Қазақстан азаматтығын алсам дейді. Жұбайының тегіне жазылған балаларын өз атына аудармақ ниетте. Бірақ оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Қалбек Кентаевтың мәселесі бойынша Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне редакцияның атынан ресми хат жолдадық. Қазір дипломатия өкілдері анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Жақын күнде белгілі болады. Ал оған дейін 38 жастағы қандасымыз ақырын жүріп, аяғын анық басуға тура келеді. https://www.youtube.com/watch?v=3Yp7Tow-TV4

Жүктелуде...