Айдос Сарым: Партияға мүше болу менің аузымды буып тастайды деп ойламаймын

Айдос Сарым: Партияға мүше болу менің аузымды буып тастайды деп ойламаймын

ашық дереккөзі

 width= Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның "Nur Otan" партиясына мүше болғаны туралы ақпарат БАҚ бетінде жарияланды. Newsroom+ақпарат агенттігінің тілшісі саясаттанушының өзіне хабарласып, бұл туралы анық-қанығын білген болатын.  Newsroom: Айдос мырза, партияға (Nur Otan) мүше болуыңызға не себеп? Айдос Сарым: Партияға мүше болу елдегі саяси реформаларды әрі қарай дамыту, өрбіту қажеттілігінен туындап отыр. Саясаттың үлкені митингі өткізу немесе қатты сөз айту емес, нағыз саясат – бюджетті қадағалау, заң шығару болып табылады. Шынайы саясатпен айналысқысы келетін адам парламентке немесе мәслихаттарға өтуі керек. Алдағы жылдарымыз қазақ үшін, Қазақ мемлекеті үшін аса қиын, аса күрделі жылдар болмақ. Бұл жылдар реформалар жылы болуы тиіс, болады да. Менің басты ойым осыған сырттай бақылаушы, сынаушы, мінеуші емес, белсенді қатысушы, жанашыр болу. Қалғанын партияның құрылтайынан кейін айта аламын. Newsroom: Қоғам сізді саясаттанушы ретінде таниды. Партияға мүше болыдыңыз, алда саяси көзқарас білдіруіңіз қалай өрбиді? Айдос Сарым: Саясаттану саясатпен етене жақын, саясатқа тығыз байланысты ғылым. Екінші жағынан мен саяси технологпын. Бұл да саясаттың да, саясаттанудың да бір бөлігі. Партияға мүше болу менің қолымды байлап, аузымды буып тастайды деп ойламаймын. Керісінше, білгенімді, ойлап–түйгенімді партиялық мінберден айтуға, халыққа жеткізуге мүмкіндік аламын. Ғылыми алаңда да, партиялық алаңда да айтатыным бір болады деп ойлаймын, осыған нық сенемін. Шатасып, жаңылыссам ғылыми орта да, қоғамдық орта да мені түзеп, терістей алады. Newsroom: Жаңадан атауы өзгерген "Адал" партиясы туралы не айта аласыз? Бұл "Бірлік" партиясының ішкі жұмысы. Партияға көп жылдан білетін, танитын азаматтар барып жатыр екен, сәттілік тілегім келеді. Партия құлымай жатып, болмай жатып оны сынап–мінеуден аулақпын. Жұмысын жандандырса, жаңа тұлғаларды тарта білсе, қоғамдық мәселелерді ашық айта алса бұл партияның да мүмкіндігі болуы ықтимал. Newsroom: Мемлекеттің саяси жүйесінде өзгеріс болатыны туралы "Неге" бағдарламасында айтып едіңіз. Бұл соның бастамасы ма? Өзгерістер басталып, жүріп жатыр. Алдағы жылдар реформалар мен өзгерістер жылы болады. Бізге керегі мемлекетті, мемлекеттігімізді, тұтастығымызды, бірлігімізді сақтай отырып, елдің саяси және экономикалық жаңаруы, модернизациялануы.

Жүктелуде...