Педагогтардың жалақысын есептеудің жаңа коэффициенттер кестесі әзірленді

15 Сәуір, 2019 1856 0

NewsROOM+Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің, оның ішінде, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеудің жаңа коэффициенттер кестесін әзірледі, - деп хабарлайды Newsroom.kz  порталы. 

Бұл туралы Үкімет Үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова хабарлады. 

Жаңа кестені енгізу 2019 жылдың 1 маусымынан бастап жоспарланған. Білім беру ұйымдары қызметкерлері жалақысын 10-нан 30 пайызға дейін дифференциалды ұлғайту жоспарланған. Коэффициенттер кестесі білім беру деңгейіне, біліктілікке, жұмыс жағдайына қарай негізгі буындағы қызметкерлерге: колледж оқытушылары, мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік педагогтар, балабақша тәрбиешілері, қосымша білім беру саласының педагогтары, көмекші қызметкерлер: балабақшалардағы бала бағушылар, мекемелерді тазалайтын қызметкерлерге, аула тазалаушыларға, күзетшілерге, басқарушы: колледж, мектептер басшылары, балабақша меңгерушілеріне қатысты болады.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап 208 мың мұғалім (70%) білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 30%-дық қосымша ақы, біліктілік сынақтарын сәтті тапсырған 60 мың мұғалім - 30-50% қосымша ақы алады. Тестілеуге педагогтар жылына екі рет - мамыр және қараша айларында қатысады. Үш жыл ішінде біліктілік арттыру курстарынан орта білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың психолог және сынып жетекшілер, 15 мың колледждің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері, 2,4 мың ЖОО оқытушылары өтеді. 

 Педагогтардың нәтижелі жұмысы үшін оларға үлкен әдістемелік қолдау көрсетіледі, мысалы 120 мыңнан астам материалдарды қамтитын жүйелік-әдістемелік кешен (ЖӘК) (www.smk.edu.kz) мұғалімдере онлайн қолжетімді, жүйелік-әдістемелік кешенге кіргендер саны 6 миллион және 33 миллионнан астам жүктеу жасалған. Орта білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуге арналған 765 алдыңғы қатарлы мектеп бар, олардың әрқайсысына 10 мектеп тәжірибе мен жаттықтырушылық қолдау көрсету үшін қосылған.



Аяжан Махамбетқызы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.