Жаңбыр тамшылары

14 Сәуір, 2019 1445 0

NewsROOM+. Талғат жеке көлігімен Алматыдан шыға бергені сол еді, жолда бір көлік бұзылып, адамдары (жолаушылары) қол көтеріп тұр екен. Жандарына тоқтап, терезені ашқанда, жүргізуші жігіт ішке ентелей еніп:

- Бауырым  Қордай арқылы жүрсең екі-үш адамымды ала кетесің бе деп абыржи сөйледі.  

- Жақсы, сиғанынша міне берсін. Мына апа алдына отырсын деді.

Алдыңғы орынға жайғасқан ашаң жүзді, жұқалау келген жүзі жылы апаның жүзіне барлай қарап, бір жерден көрген сияқтымын ба, жоқ әлде осы көздерді бір жерден көрдім бе деп іштей ойлады.

Жеңіл көлікке екі сағаттық жол сөз болып па. Көзді ашып-жұмғанша Қордайға да келіп қалды. Кеш қарайып қалған. Бәрі түсіп, өз жөндерімен кетті. Тек апа ғана жолдың басқа жағына шығып, такси ұстауға ыңғайланды. Осы кісіні бір жерден көрген сияқтымын, бірақ қайдан деп тағы да есіне түсіре алмады. Біраз жер ұзап кеткен Талғат апа кешқұрым жалғыз қалды-ау, неге үйіне дейін жеткізіп салмадым деп ойлады. Біраз жер ұзап кетсе де, кері бұрылып үйіне апарып салуды жөн санады.  Бағанағы тоқтаған жеріне келсе жол сөмкесіне сүйеніп апа жалғыз тұр екен. Жақын адамын көргендей қуанған Талғат:

- Қайыр қылсаң бүтін қыл, деген  үйіңізге жеткізіп салайын апа?.

- Рахмет балам, менің ауылым бұл жерден шалғайда, жолыңнан қалма мен ауылдың таксилеріне мініп кете берем ғой деді. Десе де, апаның да бұны қайта көргеніне әрі таңқалып, әрі қуанғаны жүзіндегі күлкісінен байқалады.

Талғат апаның қажеті жоқ дегеніне қарамай апаны отырғызып алды да зулай жөнелді.

-          Балам қай ауылдың баласы боласың? Талғат жауап берем дегенінше. Е, кім болсаң да, қай ауылдан болсаң да тәрбие көрген бала екенсің. Алла жолыңды оңғарсын балам деп батасын берді. Апаның жол көрсетуімен әні-міне дегенше үйіне де келіп қалды. Заттарын түсірген соң, Талғат:

-          Апа, «бір күн дәмдес болған адаммен, қырық күн сәлемдес бол деген», қасыңызда аз уақыт болсам да, жақын адамдай болып кеттіңіз. Енді көреміз бе, жоқ па Алла біледі. Аман болыңыз деді.

-          Әй, қайда барасың, үйден нан ауыз тиіп кет, дастарханнан үлкен емессің шырағым деп өзімсіне сөйледі.

Жоқ деп қарсыласқанына қарамастан сүйрегендей болып үйіне кіргізді. Талғатта жарайды түнделетіп те жүре берем ғой, аз-маз аяқ жазып алайын деді.

Ауылы таудың етегінде орналасқан секілді. Себебі таулы жерде күн ерте бататын еді деп ойлады іштей. Бұл уақытта қас қарайып, күн ұясына толық батқан еді. Жаздың кешкі жылы ауасы, тынысыңды ашып, ұзақ жолдан шаршаған жүйкеңді тынықтырғандай болады екен.

Апаға ілесіп біссмілла деп табалдырықты аттай бергенде, үй ішінен самаурынның шәйі мен бауырсақтың иісі аңқи жөнелді. Ауылдың, ауыл кешінің бір құдыреті осы ғой шіркін деп  тамсанды. Шәй үстелдің айналасына мамық көрпеше жайылыпты. Үстіне қызыл халат киген  қағылез келіншек дастарханға қоятын тәттілері мен ыдыс-аяқтарын тасып зыр жүгіріп жүр. Дәуде болса осы үйдің келіні-ау. Жеңіл қимылдаған келіншек әп-сәтте дастарханды жайнатып жіберді. Ортаға қызыл етіп қуырылған марқа қозының қуырдағы да келе қалды. Терезеден соққан салқын леппен араласа келген қуырдақ иісі тәбетіңді ашады екен.

Бір кезде апа жан жағына қарап біреуді іздегендей болды да:

-          Әй, ана Кенжем қайда деді?. Қағылез келіншек:

-           Еркем қазір келеді кішкентайын ұйықтатып жатыр деді.

Ортаңғы бөлмеден жәй ғана ыңылдап, баласын ұйықтатып жүрген келіншектің дауысы естіледі. Дауыс Талғаттың құлағына тым таныс секілді көрінді. Әлде солай сезілді ме?.  Артынша, е, ол қайдан жүрсін мұнда. Соңғы рет құрбы қызына жолыққанда Ақмаралдың басқа қалаға тұрмысқа шықты деген сөзі есіне түсті. Талғат бұрын студент кезінде Қордайдан әр өткен сайын жүрегі атқақтай соғып көліктің терезесінен үздіге сыртқа қарайтын. Құдды бір Ақмаралды көріп қалатындай үміттенетін. Қазірде жүрегі солай атша тулап тұрғаны.


Талғат шәй мен тамақтың дәмді болғанын айтып қоштасуға ыңайлана бергенінде, ортаңғы бөлменің есігі ашылып, балалы келіншек дастарханға жақындай берді. Орнынан тұра берген Талғат өз көзіне өзі сенбей сілейіп қалды. Сонда ғана мына жүзі жылы апа мен оның тұнық көздері, мана ортаңғы бөлмеден шыққан келіншектің дауысы бәрі-бәрі таныстай көрінгенінің себебін қазір түсінгендей болды. Бұл қайдан жүр дегендей Ақмарал да аң-таң. Деседе анасымен бірге келгенін сезіп тұр. Осы кезде апа:

-          Мына бала болмағанда әлі такси ұстап тұрар ма едім құдайым білсін деді Ақмаралға қарап. Қапелімде не дерін білмей қалған Талғат сәлметсіз бе деді. Ақмаралда таң қалған күйі:

-          сәлем, қайда асықтың тағы бір-екі кесе шәй іш деді. Ақмаралдың сыңғырлай шыққан дауысына арбалғандай ол қайта жайғасты. Ақмарал жеңгесінен жоғары жайғасып, кеселерді жалғап отырды. Талғат болса мынау өңім бе, түсім бе?. Он жыл бұрын айырылған Ақмаралды осылай бір ауылдың қуысынан кезіктірем деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе деп таң қалды.

Тамақ ішіліп, бәрі сыртқа шықты. Есік алдында самаладай шамдар жарқырып тұр. Таза ауамен бірге раушан гүлдерінің иісі танауды қытықтайды. Талғат пен Ақмарал бір сәт үнсіз ғана бір-біріне қарап тұрды да көздерін тайдырып әкетті. Бәлкім екеуінің ойына бірге жүрген алыстағы қызықты күндері келді ме, әлде көңілсіз кездері еске түсті ме? Әйтеуір жүздерінен қуаныш пен әлсіз мұңның іздері қатар байқалады.

Үнсіздікті алғаш бұзған Талғат:

-          Ия, «таумен тау кезікпейді, адаммен адам кезігеді» деген мына жолығуымыз қызық болды ғой деді. Ақмарал да:

-          Бір аптаға анамның жанында болып кетейін деп келгем. Тағдыр ғой. Осылай жолықтырған. Біздің үйдің де дәмін таттың деп әзілдей күлді. Лезде күлкісін жиып, ешкімге өкпем жоқ, саған да. Бәрінің солай аяқталғаны дұрыс та болған шығар. Шүкір, қазір бақытты отбасымыз, балаларымыз бар деді. Манадан сырттарынан бағып тұрған Ақмаралдың анасы:

-          Өй сендер таныссыңдар ма деп таңқала сұрады. Талғат:

-          Ия, апа біздер таныспыз әрі бейтаныспыз. Тағдыр ғой деп Ақмаралдың айтқанын қайталады. Ақмарал да сәл ғана жымиып:

-          Анашым, ұмытып та қалған шығарсыз, Талғат деген дос бала бар деп айтушы едім ғой КазҰу-де бірге оқыған. Бұл сол жігіт.

Осы кезде үйден кішкентай баланың жылаған дауысы естілді. Қызыл халатты жеңгесі қайын сіңілісінің жылап жатқан кішкентайын көтеріп келеді. Ақмарал сәбиді қолына алып, жұбата бастады.

-          Кішкентайың ба?

-          Ия.

-          Бауы берік болсын.

-          Рахмет.

-          Алла бұйыртса құда болайық.

-          Бұйыртса, бастысы дендері сау болсын.


Кенет тау жақтан әлсіз самал соқты да жаңбыр алдындағы жұпар ауа келді. Талғат осы сәтті қимаса да, алдағы ұзақ жолды ойлап қоштасуға ыңғайланды. Бірінші жолай танысқан жылы жүзді апамен қоштасты. Сосын Ақмаралдың қолын қысып тұрып, ренжіткен кезім болса кешір, мен де саған ризамын махаббаттың не екенін түсіндірген деді де көлікке беттеді. Көлікке отыра бергенінде жауынның алғашқы тамшыларымен араласып Ақмаралдың да көзінен бір тамшы  жас жерге домалай түскенін байқады. Жүрегі шымырлап кеткендей болды. Көліктің жарығы қараңғы түнді қақ жарып орнынан баяу қозғала берді.

Жолай кетіп бара жатып,  есіне өткен шағы орала берді. Көлікте  жалғыз болса да тынысы тарылғандай болды. Терезені ашып, жауынның салқын лебін терең-терең жұтынды.

Нөсерлете жауған жаңбыр тамшылары көлігінің төбесінен тырсылдап, төмен қарай сырғиды. Бүгін бір қызық күн болды ғой деп ойлады Талғат. Мына жаңбырдың да тамшыларына дейін таныс сезліуін-ай Мұның бәрі кездейсоқ па?. Жоқ. Мұның бәрі кездейсоқ емес. Бұл да жәй жаңбыр емес. Осы тамшылар емес пе мені сүйіктімнен алыстатқан. Ол осылай деп ішінен қайталай берді, қайталай берді.

Жаңбырдан өшін алғысы келді ме, жоқ әлде тамшылардың дыбысын естігісі келмеді ме Талғат көліктің жылдамдығын асыра түсті. Сонда да жаңбыр тамшылары өткенін есіне түсіргісі келгендей, артынан қалмай, керісінше үдей түсті. Талғаттың көз алдына еріксіз осыдан 10 жыл бұрыңғы оқиғалар кино лентасындай тізбектеліп орала берді.

Талғат Ақмаралмен КазҰу-де оқып жүргенде танысқан болатын. Екеуі айырылмастай жұп болып жүретін. Бәрі бұларға қызығып қарайтын. КазҰу қалашығындағы шағын саябақта екеуінің меншіктеп алған ақ қайыңы да болатын. Соның аясында отырып екеуі болашақ туралы, армандары туралы сырласатын.

Көп ұзамай Талғат басқа қалаға екі айға жұмыстармен кеткен еді. Сүйген қызы Ақмарал Алматыда қалды. Талғат бір күні Ақмаралға телефон шалғанда дәл осы жаңбыр себелеп тұрған болатын. Сонда телефонның ар жағында тұрған Ақмарал:

-          Бізде Алматыда жауын жауып тұр. Қандай күшті, екеуіміз осы жаңбырдың астында қол ұстасып талай бірге жүруші едік.

Талғат:

-          Ия, білем жауын жауып тұрғанын.

Ақмарал:

-          Қайдан білесің деп сыңғырлай күлді. Жауынның тамшылары саған да естіліп тұрма?.

Жоқ.

-          Онда қайдан білесің?.

-          Білем, себебі мен Алматыдамын.

-          Өтірік.

-          Рас, сенбесең жауынның дауысын тыңдашы деп, Талғат телефонын шатырға тамған тамшының дауысына тосты. Тура сол уақытта Талғат тұрған қалада да сондай жауын құйып тұрған еді.

Телефонның ар жағынан тамшылаған жаңбырдың тамшыларын естіген Ақмарал:

-          Арам десе, неге айтпайсың келгеніңді деп өкпелей сөйледі.

Талғаттың ойында ештеңе жоқ, одан сайын қалжыңдай түсіп:

-          ертең қайта кетем, асығыспын.

Ақмарал:

-          Жолығайық онда. Менде Қордайға кетіп барам. Ертең жолай Сайран автобекетінен таксафоннан хабарласам. Сағат 13:00-де. Бұл ағамның номері. Жарайма?.

Талғат жақсы деп уәде бергенімен, бұның әзіл екенін, Алматыда емес екенін кейін айтармын деген оймен, сол күйі ұмытып кетті. Ертесіне сағат 13:00 де белгісіз номерден қоңырау түскенде ғана кешегі оқиға есіне түсті. Ақмарал да уәделескен Сайран автобекетінде өзін күтпеген Талғатты сол күйі біржола ұмытты.


Мақала авторы редакциядан өзінің аты-жөнін көрсетпеуін өтінді.





Тегтер: жолаушы, әңгіме

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.