Орыс азаматының қазақ тіліне деген құрметі жұртты тәнті етті

Орыс азаматының қазақ тіліне деген құрметі жұртты тәнті етті

ашық дереккөзі

 width= Қазнетте ұлты орыс болғанымен, қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізген Алматы облысындағы мемлекеттік қызметкердің видеосы танымал болып жатыр, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі stan.kz-ке сілтеме жасап. Роликте Алматы облысы Қапал ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Владимир Чепель өзінің қазақ тіліне деген құрметі мен махабатын айтады. Видеоның басында ол Жұбан Молдағалиевтің "Мен Қазақпын" өлеңін оқып береді.

"Өз ауылымның тумасымын, өз ауылымда тұрамын... Ұлтым орыс болғандықтан, кішкентай кезімнен қазақ тілін үйренген болатынмын. Кейбір кезде, ой келеді маған: "Мен қазақ тілін қай күннен бері білем". Сол сұраққа жауап бере алмаймын, себебі кішкентай кезімнен көшеде өскенмін", - деді ол.
Владимир қазіргі уақытта адамдардың қазақ тілінде сөйлемейтініне ұялатынын ерекше атап өтті.
"Міне, Алматы қаласының бір-екі көшесінде өтіп бара жаттым, елдердің бәрі орысша сөйлейді. Қазақ азаматтарымыз орысша сөйлейді. Былтыр желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласына барған кезде бір дүкендерге кірген кезде бәрі орысша сөйлейді. Мен қазақша сұрақ қойсам, орысша жауап береді. Өзім ұяламын...
Бұрын ауылда жүрсең, сіздің түріңіз орыс болып, сізге орысша сұрақ қоятын. Ал мына жақта мен орыс болып, қазақша сұрақ қойған кезде, маған орысша қайтарса өзім біртүрлі болып қаламын", - деді ер адам. Владимир Чепель тіл мәселесін былайша шешуді ұсынады: қазақ тілінде барынша сапалы, қызықты контент жасап, оны әлеуметтік желілерде, танымал интернет-платформаларда тарату. Осылайша, оның пікірінше, қазақстандық жастарды ана тілін үйренуге ынталандыруға болады. https://youtu.be/1Mi-ur6kK4o Ол өзі де осы ойын жүзеге асыру үшін Facebook-тегі парақшасында жаңа бастаманы қолға алғанын айтты.
"Қазақ поэзиясын, өлеңдерін оқып, елдерге үлгі болатындай бастаманы бастадым. Қаншама пікірлер, хаттар келді: "Аға сіз қазақ тілін қалай үйрендіңіз, бөліспейсіз бе, мені де үйретпейсіз бе?". "Көмектеспейсіз бе" деп сұрады, иә, әрине. Сол кезде тікелей эфирлерге шығып, бір-бірімізге бейнероликтерді жіберіп, содан қазіргі уақытта жұмыс жасап жатырмыз", - деді мемлекеттік қызметкер.
Сөз арасында Владимир Чепель қызметі барысында кездескен қызық жағдайларын айтып кетті. Азаматтармен кездескен кезде қазақша сөйлесе бәрі таң қалатынын, кейбіріне қалжыңдап, қазақ, руы "найман" екенін айтатынын мәлімдеді. Ол жастарға қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін "лапылдап жанып, атсалысып жұмыс істеуге" кеңес берді
"Тіл деген - ең керемет байлық. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Мен үшін ана тілім - қазақ тілі", - деді Владимир Чепель.
Сонымен қатар ол қазақша сөйлеуге қысылатын мемлекеттік қызметшілерді ауылдық жерге жіберу керек деген ұсынысын айтты. Сөзінше, ауыл тұрғындары оларды екі жетінің ішінде дайындап береді.

Жүктелуде...