«Ту тапталды, домбыра сынды»: Дарақылыққа қашан тоқтау салынбақ?

«Ту тапталды, домбыра сынды»: Дарақылыққа қашан тоқтау салынбақ?

ашық дереккөзі

 width= Ел еңсесі езіліп, ұлттың ұнжырғасы түсіп қараша қайғыға батқанда, жығылғанға жұдырық болған жайттар жоқ емес. Билік бастап, бұқара қостап, бірауыздан бәріміз бірлікке шақырып жатқанда бүлікке үндеп, түлен  түрткендер табылды. Ту тапталды, теңгеміз қорланды, ұлттық аспап пен ас атасы нан аяқ асты етілді. Қысқасы, құндылықтарымыз мазақ, жыларман қазақ болды. Дарақылықтың ешқайсысы ел алдында жауапқа тартылмады. Дорақтар мен Бораттар білгенін істеп, тентекті тезге салатын тетіктің, яғни заңның осалдығын бетімізге басты. Ел ағалары еңіреп, ұлт жанашырлары жылап қала берді. Бәрінің қолын байлап отырған өзіңе қатал, өзгеге бос ЗАҢ! Одан аттап өте алмайсың, жерден жік шыққанның жағасына жете алмайсың! Сонда не істеу керек? Ту құлаған. Желбіреген көк тудың жалбырағанын да көрдік. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Ағылшын актері «Бораттың біріншісі үшін» Алтын глобус алды. Австралияда ескерткіші де қойылды. Қазақты мазақ қылған мұрттының құрметіне жер-жерде парад өтті. Біз бұлдандық, долдандық. Бекболат Тілеуханның қарғыс кітабында комик бірінші тұр дегенді айтқандар да болды. Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:

«Петиция жинадық, хештег ойлап таптық, мен туымды мақтан етемін деген флешмоб та ұйымдастырдық. Ақыры, ат үріп қалды, керуен көшті де кетті. Анығында ағылшынның талпынысыңа, тойтарысыңа түкіргені бар. Айдаладағы ақымақтан ақымызды ала алмайды екенбіз, оны қойшы ал мынау ше?»
Домбыраны ұрғаның қазақты ұрғаның. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра. Мұны да қойшы, өзге ұлт өкілі өгей ғой. Өз балаң да өкпелетті. Қазақтың қызы төл теңгемен мұрынбоғын сүртті. Тура 42 500 теңгеге талас кезінде түсірілген видеоның түпкі мақсаты әлеуметтік төлемнің түкке тұрғысыздығын көрсету болды ма кім білсін? Бірақ тәнін жалаңаштап, бауырсақты бұлай қорлауын қалай ақтауға болады? Айтбек ТҰРСЫНБАЙ, айтыскер ақын, журналист:
«Бүгін айтарын айтып, жасайтынын жасап, асайтынын асап алып, ертесі күні кешірім сұраған бір минуттық видеосымен құтылып кетіп жатады көбіне. Не болмаса аздаған айыппұлмен».
Рас. «Қазақ халқынан кешірім сұраймын». Осы сөз қаншама құтыршақты жазадан аман алып қалды. Басы дауға қалатынын біле тұра, бұлар бүлдіреді. Су ішкен құдығына түкіретін тексіздердің көбеюіне халықтың өзі кінәлі ме? Ержан МЫРЗАБАЕВ, психолог:
«Бұлар психологиялық тұрғыдан моральдық құндылықтары жоқ адамдар деп айтуға боалдды. Яғни, эгоцентрист адамдар. Өкінішке орай біздің қоғам жақсы нәрсеге таңқалмайды, жақсы нәрсені мақтамайды, жақсы нәрсені қолдамайды, жақсы нәрсені репост жасмамайды, жақсы нәрсемен танымал болу қиын. Талап бар жерде ұсыныс болады. Яғни қоғамның талабы осы болатын болса, онда осы арқылы танылу оңай қазір».
Кісіні жамандап тапқан абырой көпке жетпес. Етегін ашқанды елемеу, абырой шашқанды айтпау керек дейді. Бірақ бетімен кеткенге білгенін істетсек, бір күні төбемізге шығып тезек тастамай ма? Азаматхан ӘМІРТАЙ, кәсіпкер:
«Бұның екі жағы бар. Бір жағы, психологиялық ұлтымызға соққы. Басқа ұлттар арасында бұлай қарағанда кемсіту болып табылады. Екінші жағы бар. Кейбір жастарға ұлттық сезімді тудыруға әсері болуы мүмкғін. Әрине, ондай қылықтарды ұлтымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді кемсітетін қылықтарды Қазақстанда арнайы айыппұлмен, арнайы жазалармен бұны біз тоқтатуымыз керек, бұл ұят, ұлтымыздың намысы қайда?»
Ұлттың намысынан ұрттың қамын артық көрген ағалар алда тұрғанда, арзан атаққа арын сататын балаларға не өкпе? Оларды бұрынғыша ауылдан аластап, ағайыннан ары қуу керек дейді. Айтбек ТҰРСЫНБАЙ, айтыскер ақын, журналист:
«Елін сүймейтін, жерін құрметтемейтін, отанының тарихы қызық емес, жалпы қазақ болғанын мақтан тұтпайтын қазақты мазақ қылатындардың барлығын Қазақстанның азаматтығынан айыру керек».
Келеке қылғанды кешіру - білгендігің, "алдыңа келсе атаңның да құнын кеш" деген. Алайда алаштың ашуына бәрінен қатты тигені - халық қара жамылғанда атқамінерлердің алаңсыз думандатқаны. Жұрт бір жаназадан шығып, екіншісіне асығып жүргенде атылған отшашу. Ол үшін әлі ешкім кешірім сұраған жоқ. Әлем ақпараттық майдан алаңында арпалысып жатқанда амалсыз айналаңа қарайсың. Осының бәрі бізге сырттан келген арам пиғыл, әлдебір күш пе деген де ой келеді. Өйткені тарихқа көз жүгіртейік. Алып империялардың өзін қиратқан қару емес. Ол, идеология. Мысалы қараңызшы,  мына су  біздің тұнығы лайланбаған ұлтымыз дейік. Оған ақырындап, тамшылатып тиісе береді. Бір тамшы білінбеуі мүмкін, бірақ бірнешеуі кәдімгідей кірлетеді. Шартты түрде айтайын, бүгін туыңды таптайды, ертең елтаңба, әнеугүні әнұран, дүйсенбі дініңе, сейсенбі сеніміңе, сәрсенбіде салтыңа, бейсенбіде бейбітшілігіңе қауіп төнеді. Жұма күні жеке басыңа өтіп, сенбіде соққы беріп, жексенбі күні жаныңды алады. Сөйтіп, ендігі аптада елдігіңнен айырыласың. Құдай сақтасын! https://www.youtube.com/watch?v=bxjd_dtNSJI

Жүктелуде...