Шымкентте жалған шот-фактуралар рәсімдеп келген қылмыстық топ мүшелері сотталды
Шымкентте жалған шот-фактуралар рәсімдеп келген қылмыстық топ мүшелері сотталды
Шымкентте жалған шот-фактуралар рәсімдеп, қыруар табыс тауып келген қылмыстық топ мүшелері сотталды. 4 адамнан құралған топ кезекті рет жалған құжат жасап, 40 млн теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен Қаржы мониторингі комитеті Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері ұстаған.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті тартқан мәліметтерге қарағанда, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде аталған топ мүшелері алдын ала сөз байласу арқылы шот-фактура беріп жатқаны анықталған.
Топ мүшелері 615 млн теңгенің орындалмаған жұмыстары мен көрсетілмеген қызметтері үшін және тиелмеген тауарлар үшін 40 млн теңге мөлшерінде сыйақы алып жатқан жерінен ұсталған. Яғни, пара ретінде берілген сома негізгі қаражатының 6,5% - ын құраған.
«Шымкент қаласының Абай аудандық соты айыпталушыларды ҚР ҚК 216-бабының 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп таныды. Оларға 3 жылға шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды»- делінген хабарламада.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі