Мемлекет басшысы халықаралық форумда бейне үндеу жасады

Мемлекет басшысы халықаралық форумда бейне үндеу жасады

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік экономикалық ынтымақтастық – 2020 халықаралық форумында бейне үндеу жасады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі ҚР Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"COVID-19-дан кейінгі жаһандық өзгерістер және солтүстік экономикалық ынтымақтастықтың келешегі" тақырыбындағы шара бүгін Сеул қаласында басталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Мун Чжэ Ин бастамашы болған және соңғы үш жылдың ішінде өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін дәлелдеген "Жаңа Солтүстік саясат" стратегиясын жоғары бағалап, Оңтүстік Корея басшысының өркендеген, өзара байланысы мығым және тұрақты Еуразия құру көреген идеясын құптады. Қазақстан президентінің пікірінше, қазіргідей әлем коронавирус пандемиясының теңдессіз тегеуріндеріне тап болған кезде саяси жігер мен экономикалық сана синергиясы ерекше мәнге ие. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарға, өзара қолдау мен тығыз байланыстарға негізделгенін айта келе, елімізде өмір сүріп жатқан, достықтың "алтын көпірі" саналатын жүз мың корей қауымдастығының екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қосқан үлесін атап өтті.
"Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің ортақ жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасындағы 10-орынға ие. Бұл ретте, өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті 2019 жылдың сәуір айында Мун Чжэ Иннің елімізге жасаған тарихи сапары екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа белесін ашты деп санайды. Сапар аясында қол қойылған "Самал жел" бағдарламасы қазақ-корей экономикалық, сауда және мәдени жан-жақты байланыстарды жандандыруға бағытталған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев "Самал жел" бағдарламасы мен "Жаңа Солтүстік саясат" стратегиясы "Цифрлы Қазақстан", "Нұрлы жол" секілді ұлттық бағдарламаларда белгіленген стратегиялық міндеттерге сәйкес келетінін айтты.

Жүктелуде...