Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қарттарды мерекесімен құттықтады.
«Қазақта «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қанатты сөз бар. Қарттарымызға құрмет көрсету, қолқанат болу сіз бен біздің азаматтық борышымыз.
1 қазан – Қарттар күні мерекесінің басты мақсаты – бұл күні қарттарымызға әдеттегіден ерекше көңіл бөлу, олардың әлеуметтік және тұрмыстық өмірімен етене жақын танысып, көмектер көрсету, өнегелі өмір жолында жасаған еселі еңбегін өскелең ұрпаққа өнеге ету.
Жыл сайын біз қарттарға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдарын жетілдіруге ерекше маңыз беріп келеміз. Бүгінде Сайрам ауданында Ұлы Отан соғысының 4 ардагері, 185 «Батыр ана», 984 «Алтын алқа» иегері, 2843 «Күміс алқалы» ана және 17013 зейнеткер бар.
2020 жылы, бүгінге дейін жергілікті бюджет есебінен жалғызілікті 153 қарттың есеп шотына зейнетақысына қосымша жәрдемақы аударылып, жалпы 3538,7 мың теңгені қаржы қаралды. Түрлі мерекеге орай «Алтын» және «Күміс» алқалы аналарға мемлекет тарапынан тағайындалған төлемдер толығымен аударылды.
Биылғы жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толуына орай, 4 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне біржолғы 1 млн теңге және 1 ҰОСҚ теңестірілген азаматқа 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық тапсырылды.
Сайрам ауданының 846 тыл еңбеккерлеріне де 30 мың теңгеден аударылған болатын. Сонымен қатар, «Ақсу Жабағылы», «Ардагерлер үйі», «Мейір» сауықтыру орындарына баруға қажетті жағдайлар жасалды.
Аудандық «Ардагерлер үйі» ғимараты жөндеуден өтіп, мәселе облыс мәслихатының депутаты С.Сейтжановтың демеушілігімен оң шешімін тапты.
Біз ардақты аналарымыздың, ақ жаулықты әжелеріміздің, қазыналы қарияларымыздың, батагөй ақсақалдарымыздың қадірін ешқашан естен шығармаймыз. Тіпті, әлемді дүрбелеңге салған нәубеттің есеңгіреткен шағында да қарияларымызды оқшаулап, ерекше күтім жасаулуын қадағаладық. Себебі, әрбір қарт адам – біздің байлығымыз!
Қадірлі қариялар! Асыл қазыналар! Сіздерді бүгінгі мерейі үстем мерекемен тағы да шын жүректен құттықтамын! Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, шаңырақтарыңызға шуақ, бойларыңызға қуат тілеймін!» - дейді ол.