225 мың медицина қызметкерінің жалақысы өседі – Біртанов

04 Сәуір, 2019 704 0

NewsROOM+. Үкімет делегациясымен Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірдегі бірқатар медицина мекемесін аралап, жергілікті мамандардың жұмыстарымен танысып шықты.

Министр әуелі Қостанайдағы №4 емханада аялдады.

«Елбасы денсаулық сақтау саласын дамытуды ешқашан назардан тыс қалдырған жоқ. «Нұр Отан» партиясының кезекті съездінде де бірталай түйткілдердің түйінін шешу тапсырылды. Оның ішінде отандық медицинаның сапасын, қолжетімділігін арттыру міндеті бар. Тұрғындар көбіне медициналық қызметтердің сапасына шағымданады. Өйткені, бұл салада кадр жетіспейді. Мәселен, Қостанайда екі маманның жүктемесін атқарып отырған дәрігерлер бар. Маман тапшылығының бір себебі – айлықтың төмендігі. Сондықтан, Елбасы тапсырмасымен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы ұлғайтылмақ», - деді Елжан Біртанов емхана ұжымымен кездесуінде.

Бас дәрігердің айтуынша, осы жылы 225 мың медицина қызметкерінің айлығы өседі. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына жауапты мамандар, жедел жәрдем дәрігерлері, онкологиялық, туберкулез диспансерлерінде еңбек ететін ақ халаттыларға басымдық беріледі.

Емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова мекеме ішінде орналастырылған терминалдарды көрсетіп, оның артықшылығын баяндады. Жаңа құрылғы арқылы мұнда келушілер өздері қалаған дәрігерге жазылып, қабылдау кестесі туралы мәлімет ала алады.

Елжан Біртанов Қостанай, Меңдіқара аудандарындағы орталық ауруханаларға да ат басын тіреп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге барған жергілікті жас мамандармен кездесті. Меңдіқара ауданына қарасты Первомай ауылына соғып, фельдшерлік амбулаториялық пунктке, М.Қаратаев атындағы туберкулезге қарсы шипажайға бас сұқты.

Іссапар ертең Федоров ауданында жалғасады деп жоспарлануда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Қостанайда әлеуметтік бағытта қолға алынып, атқарылып жатқан шараларды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.



newsroom.kz сайтын NewsRoom+ андроидқа арналған мобильдік қосымшасы арқылы оқыңыз.

Тегтер: министр, медицина, жалақы, дәрігер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.