Елдің ақшасына салынған спорт алаңын ауыл әкімдігі сатып жіберген

Елдің ақшасына салынған спорт алаңын ауыл әкімдігі сатып жіберген

ашық дереккөзі

 width= Дайын асқа тік қасық! Түркістан облысында ел-жұрттың қаржысына салынған спорт алаңдарын ауыл әкімдігі аукционмен сатып жіберген. Ол жерлерді елді мекенге түк қатысы жоқ өзге біреулер иемденіп алып, бұл күнде тоз-тозын шығарған. Аумақтың тозығы жеткені соншалық, жер телімі мал жайылымына айналған. Осылай деп шағымданған Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылының тұрғындары амалсыз облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтен көмек сұрауға мәжбүр. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Ержан Долдаев Сарапхана ауылындағы футбол және волейбол алаңдарын салуға 14 миллион теңге жұмсапты. Әрбір шегесіне дейін есептеп, қажетті дүниенің бәрін жеткізіп, соңында жерлестерінің ортақ қуанышына пайдалануына берген. Оны ауыл жұрты да тағатсыздана күткендіктен, бес жыл бойы игіліктеріне пайдаланыпты. Ендігі сыйқы мынау. Футбол алаңының қақпасы сынып, жерде жатыр. Қоршаулары қираған, трибунасы да тозған. «Мен әкімшілікке сендім. Сен салып бере бер, әкімшілік қарамағында болсын деп әкімшілік бізге айтты. Адам қоямыз деген әңгіме болған. Ақырында мәселе осыған кеп тірелді», - дейді спорт кешенін салған демеуші Ержан ДОЛДАЕВ. Ал бүгінгі дау жерден басталып отыр. Әу баста, оған Сарапхана ауылының әкімдігі спорттық кешеннің құрылысын бастай беруге ауызша рұқсат етіпті. Жерін кейін заңдастырып береміз деген екен. Соған сәйкес, ол жанындағы жанашырларымен бірігіп, футбол алаңын салған. Ал арада бес жыл өткенде, кешеннің жанынан қосымша тағы бокс пен күрес залын тұрғызбақ болыпты. Бірақ, әкімдік уәде еткен жерді аукцион кезінде, бұлар емес, бөгде біреулер 1 млн 150 мың теңгеге ұтып алған. Енді 22 млн теңгеге сатпақшы көрінеді. «Жердің өзі 10 миллион, мынадан шыққан ақша 12 миллион. Соның бәрін көріп тұрып 1 миллион 25 мыңға сатып жібереді. Демек мұның артында бір нәрсе бар. Сол үшін аукционда бармақ басты, көз қыстымен сатып жібереді», - дейді Сарапхана ауылының тұрғыны Рақымберді КӘЛЕНОВ. «Халыққа қызмет жасау керек ауылдың жігіттері. Мінекей, қызмет жасап жатыр. Бірақ бұл сатылып кетеді. Ол жігіттер 1 миллионға және 22 миллионға сатып жатыр. Сатылған кезде стадионды дамытады деп жазылған. Олар дамытудың орнына үстінен пайда көріп жатыр», - дейді Сарапхана ауылының тұрғыны Аппазбек СМАНОВ. Жердің өзге адамдарға оп-оңай сатылып кеткеніне сарапханалықтар қатты ашулы. Жергілікті билік спорт сүйер қауымды емес, қалтаның қамын көбірек ойлады дейді олар. Өткені, спорт аалңдарын сатуға байланысты арнайы құрылған комиссияның құрамындағы екі ауыл азаматының орнына басқа жандар қол қойып жіберген. Ал ауыл әкімінің "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заң бойынша аукцион қорытындысын бір айдың ішінде теріске шығару жөнінде құқы бола тұра, заңды әрекет етпегені жұрттың ашуын туғызып отыр. Тіпті, тұрғындардың өтініш хатына да жауап бермей келеді екен. «Бұл жерде не бар екенін білмейміз. Жердің бетінде тұрған шарбақты білеміз. Сонан соң кішкентай трибунаны білеміз. Осыларды мамандар шақыртып бағалаттық. Былайша біле бермейміз ғой», - дейді Сарапхана ауылдық округінің әкімі Әбілқасым ТҰРҒАРАЕВ. Ауылдағы жалғыз спорт  алаңының енді өзгенің меншігіне айналып кете барғанына жұрт наразы. Себебі, жастар күнде кешкісін осында келіп, бір уақыт спортпен шұғылданып жүрген. Ал мұндай игілік болмаған кезде бұл маңда бұзақылық та хиілеп кеткен екен. Ауыл жастары өзге ауылдың балаларымен атысып, бір бірін жарақаттапты. Енді сондай жағдай тағы қайталанбаса екен дейді. «Бұл Сарапханадағы жалғыз бір спорт орны. Сонда бала шаға қайда барады. Ол балалар нені көреді. Ол мен секілді 71-ге келген жоқ, үйде отырып тоқыма тоқитын», - дейді Сарапхана ауылының тұрғыны Айбарша БАЗАРБАЕВА. Аукцион талаптарына сәйкес, спорт кешенін жеңімпаз одан сайын жақсартуы қажет. Алайда меншік иелері арада ай өтпей жатып-ақ, жердің құнын 15 есеге арттырып, 22 миллион теңгеге сатпақшы екен. Бұл жөнінде электрондық сайтқа хабарландыру жазып қойған. https://youtu.be/KbkVkheyNSU

Жүктелуде...