Жаңалықтар

42500 теңге: Мемлекет берген ақшаны күйеуім құмар ойынға жұмсады

42500 теңге: Мемлекет берген ақшаны күйеуім құмар ойынға жұмсады

Өзін Гүлзира деп таныстырған көпбалалы келіншек мемлекеттен түскен 42500 теңге қаражатты күйеуі құмар ойынға жұмсағанын айтып, мұңын шақты, - деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігінің тілшісі. Оның айтуынша, жолдасы екеуінің 6 баласы бар. Ерлі-зайыптылар осыған дейін жалданып жұмыс істеп күн көрген. Төтенше жағдай жарияланғалы жұмыстан айрылып, үйінде отыр. «Мектеп жасындағы 6 баламен табыссыз қалып қиналып отырмыз. Ай сайын төлейтін несиеміз бен күнделікті ас-ауқаттың шығыны бізді әбден есеңгіретті. Мемлекет 42 500 теңге жәрдемақы береді дегенді есітіп, қатты қуандық. Оның өзін ауылдан аудан орталығына қатынап жүріп, әрең тураладық. Дегенмен, күйеуімнің құжаттары дұрыс болмай, тек маған ғана жәрдемақы түсті. Ал, ақша түскен күні күйеуім банкоматтан ақша шешіп келуге кеткен. Сол кеткеннен құмар ойнайтын достарына барып қосылып, ертесі күні бір-ақ үйге келді. Ақшаның қайда екенін сұрағаным үшін, өзімді соққыға жығып, майып ете бастады», - дейді күйінген келіншек. Гүлзираның айтуынша, күйеуі ұзақ жылдардан бері құмар ойынға берілген. Тіпті, осындай қиын жағдайда да бала-шағасының несібесін құмар ойынға айырбастағанына қапалы. Дегенмен, көпбалалы отбасына әкімдіктен бөлінген азық-түлік пен түрлі көмек әзірге күндеріне жарап тұр екен.