Түркістанда Call-орталық қызметкері сәбиді өлімнен арашалап қалды

Түркістанда Call-орталық қызметкері сәбиді өлімнен арашалап қалды

ашық дереккөзі

 width= Түркістан облысының жедел жәрдем қызметі сәбиді өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығына Сарыағаш ауданынан шақырту түскен. Анықталғандай, 1 жасар сәби дәрінің үш данасын жұтып қойған. Дәрі өңешіне тұрып қалып, тұншыға бастаған. Құтқару тобы шақыртуға шұғыл аттанып, 6 минутта жеткен. Бірақ олар келгенше Call-орталық диспетчері Құрбанай Латипова телефон арқылы баланың ата-анасына кеңес бере отырып, тыныс жолдарын ашуға жәрдем берген. Алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп, нәресте өлімнен аман қалды. Қазір баланың тынысы еркін және жағдайы жақсы. «Сәбиді құтқаруда ата-анасына кеңес беріп жатып, қобалжуға жол бермеуге тырыстым. Өйткені әрбір минут сол сәтте өте маңызды еді. Көмегім сәтті аяқталғанда көзімнен жас тамшылап кетті. Жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығында диспетчер болып жұмыс істегеніме 1,5 жыл болды. Әр шақырту адам өмірін құтқаруда аса маңызды екенін түсінемін. Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етеді», - дейді Құрбанай Латипова. Жалпы, Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметіне жыл басынан бері 500 мыңға жуық шақырту түскен. Оның ішінде балалардың бөгде затқа қақалу оқиғалары 169 рет тіркелді. Дәрігерлер осы орайда балаларға аса мұқият болу керектігін ескертеді.

Жүктелуде...