Бүгін Түркістан қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасы» талқыланды. Басқосуда ұлттық болмысты сақтау мен отбасылық құндылықтарды қорғау, мемлекеттік тіл мен рухани даму мәселелері сөз болды, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Саяси кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері осынау өзекті мәселелелерді кеңінен талқылап өтті. Партияның тұжырымдамасын сөз еткен аға буын өкілдері отбасы тәрбиесі мен ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мәселесін көтеріп, қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың құлдырап бара жатқанын жеткізді. Бұл бағытта атқарылуы тиіс нақты шараларды атап көрсетті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында қолға алынатын іс-шараларды тұжырымдаманың негізгі бағытына айналдыру керек деген ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар қазіргі таңда жаһанданудың әсерімен көмескіленіп бара жатқан этно-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесі де партия тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі болмақ.
«Тұжрымдамада күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты мәселелер қамтылып отыр. Соның ішінде түрлі той-жиындар өткізуге, асыра сілтеушілік пен ысырапшылдыққа қарсы нәрселерді бір ықшамдау мәселесі қамтылған. Сол сияқты 18-19 тармағымыз, ұсыныстарымыз бар. Солардың барлығы тиісті органдарға жолданатын болады»,- деді партияның төрағасы, сенатор Әли Бектаев.
Шара аясында қатысушылар сондай-ақ, Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат жасап, құран бағыштады.