Түркістанда «Үздік педагог 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Түркістанда «Үздік педагог 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Түркістан облысында «Ұстаздар күніне» орай салтанатты жиын өтіп, республикалық «Үздік педагог 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың онлайн режимдегі құттықтауымен басталған шарада ұстаздар ерекше құрметке бөленді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев пен адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев, өңірдің ең үздік ұстаздары мен осы саланың ардагерлері қатысты. Жиында өңір бойынша ең үздік деп танылған үш ұстазға «Үздік педагог 2020» мерекелік медалі тағылып, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген 2 778 000 теңге ақшалай сыйақы табысталды. Шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев бүгінгі күні ұстаздың рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Бәріміз де ұстаздың қасиеті мен қадірінің арқасында орасан зор жетістіктерге жетіп отырмыз. Өткен жылы елімізде тұңғыш рет «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың қоғамдағы ролін арттыруға үлкен серпін берді. Тұңғыш Президентіміз бен Мемлекет басшысы да ұстаздарға айрықша назар аударып, жағдай жасалуына ықпал етуде. Бүгінгідей маңызы жоғары мерекеде әрбіріңіздің еңбектеріңізге жеміс, жанұяларыңызға жақсылықтар тілеймін», - деді Арман Жетпісбаев.
Сонымен қатар шара аясында Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыстық маслихаттың ҰБТ-да республика деңгейінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген мектеп басшыларына «Алғыс хаты», мұғалімдер күніне орай Түркістан облысы әкімінің «Құрмет грамотасы», республика деңгейінде «Үздік ұстаз» байқауының қатысушыларына облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ, «Үздік сынып жетекшісі» байқауының жеңімпаздары анықталды. Оқушының тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына көмектесіп, оның қызығушылығы мен бейімділігінің арта түсуіне мүмкіндік туғызатын байқаудың әр аудан-қаладан үздік шыққан 16 ұстаз арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Мерекелік шара барысында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев пен Леңгір қаласы №1 мектеп-гимназиясының директоры Назира Тезекова, Сарыағаш аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әкімбай Тастанбеков «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.