Түркістан облысында ұстаздар күні қарсаңында үздік педагогтар марапатталды
Түркістан облысында ұстаздар күні қарсаңында үздік педагогтар марапатталды
Еліміз бойынша қазан айының алғашқы жексенбісі «Ұстаздар күні» кәсіби мерекесі болып белгіленген. Осыған орай, бүгін Түркістан облысында салтанатты жиын болып өтті. Аталмыш шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев және облыстың ең үздік ұстаздары мен осы саланың ардагерлері қатысты.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың онлайн режимдегі құттықтауымен басталған шарада республикалық «Үздік педагог 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Түркістан облысы бойынша ең үздік деп танылған үш ұстаз, Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мамбетов Самат Алтынбекұлы, Жетісай аудандық мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Молдадосова Алтынай Қайыпқызы, Кентау көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы Анарбаева Диларам Рузиматовнаға «Үздік педагог 2020» мерекелік медалі тағылып, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген 2 778 000 теңге ақшалай сыйақы табысталды.
Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев: «Бәрімізде ұстаздың қасиеті мен қадірінің арқасында орасан зор жетістіктерге жетіп отырмыз. Өткен жылы елімізде тұңғыш рет «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың қоғамдағы ролін арттыруға үлкен серпін берді. Тұңғыш Президентіміз бен Мемлекет басшысы да ұстаздарға айрықша назар аударып, жағдай жасалуына ықпал етуде. Бүгінгідей маңызы жоғары мерекеде әрбіріңіздің еңбектеріңізге жеміс, жанұяларыңызға жақсылықтар тілеймін», - деп облыс бойынша үздік деп танылған ұстаздарды марапаттарымен құттықтады.
Сонымен қатар, шара аясында Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыстық маслихаттың ҰБТ-да республика деңгейінде жоғары көрсеткіш көрсеткен мектеп басшыларына арналған «Алғыс хаты», мұғалімдер күніне орай Түркістан облысы әкімінің «Құрмет грамотасы», республика деңгейінде «Үздік ұстаз» байқауының қатысушыларына арналған облыс әкімінің «Алғыс хаты» сияқты арнайы марапаттар табысталды.
Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы тәрбиенің ролін арттыру, тәрбиенің жүйесі мен жаңа түрлерін анықтау, сынып жетекшілерінің тапқырлықтары мен тәрбие берушілік деңгейлерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпаздары анықталды. Оқушының тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына көмектесіп, оның қызығушылығы мен бейімділігінің арта түсуіне мүмкіндік туғызатын байқаудың әр аудан, қаладан үздік шыққан 16 ұстазы арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Мерекелік шара барысында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев, Төлеби ауданы, Леңгір қаласы №1 мектеп-гимназиясының директоры Тезекова Назира Байжанқызы, Сарыағаш аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Тастанбеков Әкімбай Зейітбайұлы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер