Жаңалықтар

Түркістан облысында карантин шектеулері сақталады

Түркістан облысында карантин шектеулері сақталады

 width= Түркістан облысында пандемия кезінде мал сатуға арналған сайттардың саны артқан. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары карантиндік жағдайды ескеріп, делдалсыз сауда дамыған сайттардың көбейгенін қолдауда. Ал мал базарларының жабылуы елдегі ет бағасының өсуіне еш әсер етпейді. Түркістан облысындағы карантиннің шектеу шаралары жайлы өткен брифингте сала мамандары осылай деді. Облыс бойынша 8 айда 138,1 мың тонна ет өндірілген. Бұл елімізде өндірілген еттің 12 % үлесін құрайды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Түркістан облысында еттің бағасы тұрақты. Өндірілген ет облыс халқын толық қаматамасыз етеді. Пандемия кезінде мал базарларын ашу – жағдайдың ушығуына әкеп соғады. Облыстың бас санэпидемиологының айтуынша, көрші мемлекеттерде індеттің белең алуына байланысты облыстағы сақтық шаралары қайта күшейітілуі мүмкін. БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген мамандар, вирустың ең көп тарайтын аумағы адам шоғырланатын орындарда екенін баса айтты. «Мал базарларында шамамен 7 мыңдай ірі қара сатылса, оны алуға келетіндер мен сатушылардың санын қосыңыз. 20 мың адам жиналған жер нағыз індеттің ошағына айналады. Мұндайда карантин талаптарының сақталуы екіталай. Оның үстіне өзге елдерден тасымалдаудың өзі қауіпті еселей түседі»,-деді Түркістан облыстық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов. Соңғы мәлімет бойынша, бір күнде облыста коронавирустың симптомсыз, тасымалданған түріне шалдыққан 4 науқас тіркелген. Барлығы шекара асып келгендер. Олардан сынама алынып, күдік расталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі