Жаңалықтар

Отбасымызбен ақылдаса отырып таңдау жасадық

Отбасымызбен ақылдаса отырып таңдау жасадық

 width= Жалпы депуттартарға деген ел ішіндегі көзқарас осы уақытқа дейін әр түрлі болып келді. Бұған дейінгі сайлауларда кейбір депутатар шын мәнінде халық қалаулысы атанса, кейбіреулері мандатқа қиналмай-ақ ие болып, өзінің абыройы үшін жұмыс істегендей көрінетін. Содан халық ішінде депутат ұғымына екіұдай пікірлер қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Сондықтан «Nur Otan» партиясының сайлауға түспес бұрын, елдің қалаулысы боламын деп үміт артқан елге белгілі азаматтарды праймериз арқылы таныту жүйесі құптарлық та, қуанарлық жағдай. Әрине, мұнда да бәйгеге салсаң жүйткіп шабатындарды да, ішінде жай ғана «Бұл өзі қандай іріктеу? Не болып жатыр екен, бәйгеге түсіп көрейін» деп кіре салғандарды да байқап қалып отырмыз. Дегенмен праймериздің үгіт-насихат жұмыстары кезінде біз кімнің кім екенін анық таныдық. Бұрын депуттаттыққа сайлау алдында үгіт-насихат кездерінде көше бойында ілінген плакаттардан ғана көңілімізді басатын болсақ, бұл жолы праймеризге түсіп жатқан әрбір үміткермен жеке-жеке танысып, қоян-қолтық отырып сөйлесуге, пікірлесуге мүмкіндік алдық. Мұны біз партиямыздың депуттарды халыққа жақындата түсуі деп түйдік. Праймериздің кездесу, дебат кезеңдерінде кейбір арамызда жүрген азаматтардың ой-өрісінің кең екендігін, болашаққа үмітпен қарай алатындығын, ойларында небір кративті идеялардың жүргенін көріп таңғалдық. Осы уақытқа дейін бұлар қайда жүр деген сияқты. Осы праймеризде іскерлігі мен білімділігі сай пайымы мен парасаттылығы жоғары депуттар, басым бөлігінде жастар келсе, жаңа әрі орта буын өкілдері өтсе деген ниеттемін. Соның ішінде салмақты, білімді, жалынды жастардың да көптеп келгенін қалаған болар едім. Бүгін біз де арнайы ережеге сай дауысымызды бердік. Онлайн жүйесі арқылы смартфонмен таңдау жасадық. Бұл жерде өз ойыңмен оңаша қалуға мүмкіндік туғанын айта кеткен жөн. Бұрындары сайлау кезінде кабинаға кіріп алып, асығыс-үсігіс жұмысқа кетіп бара жатып таңдау жасайтынбыз. Ол кезде ойлануға да мұршаң болмайтын. Ал бүгін емін-еркін, асықпай-аптықпай, шай ішіп отырып, рахаттанып, кімнің кім екенін ой елегіңнен өткізіп таңдау жасағанымыз көңіл қуантты. Отбасымызбен ақылдасуға да, балашағамызбен кеңесуге де мүмкіндік болды.

Бекжігіт Сердәлі, журналист, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры.