Ефрейтор: "Ұлымды сағынамын-ау. Бұл жолы баруға аяғым тартпай тұр"

29 Наурыз, 2019 2336 0

NewsROOM+. Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы тікұшақ апатынан көз жұмған Өмірхан Қауқабаевтың аяғы ауыр келіншегі жесір қалды. 25 жастағы келіншек жастан асқан ұлын құшақтап, жоқтау айтып отыр. Марқұмның туыстары KAZ.NUR.KZ порталына қаза болған әскери қызметкердің армандарын айтып берді.

Қаза тапқан азамат кетерінде ұлы мен келіншегімен қимай қоштасыпты. Тіпті жұмысқа осы жолы аяғының тартпай тұрғанын да айтқан.

"Кетерінде "Арсенімді сағынамын. Ұлымды сағынамын-ау. Бұл жолы баруға аяғым тартпай тұр. Бір ай іссапарда боламын, ұлымды жақсылап қара" деп ұлымен қимай қоштасып еді.

Сол күні таңғы сағат 4:30 уақытында жұмысқа ұлы екеуміз шығарып салдық. Бала басқа кездері оянып кеткенде жылайтын. Сол күні күліп, ойнап жүріп әкесімен қоштасып еді.

Соңғы кезде "ертең демалысқа шыққанда әжемнің басына барамын" дегенді жиі айтатын. Кетті ғой енді әжесінің қасына.

"Әжемнің басына барып құран оқытамын" деп айтып жүрді", - дейді марқұмның жұбайы Фариза Назарбаева.

25 жастағы келіншек бір жарым жастағы баласымен жесір қалды. Өзінің екінші сәбиіне аяғы ауыр. Әскери қызметкердің анасы да көз жасын тоқтата алмай отыр.

"Балаларымның алды еді. Әскерден келгеннен кейін "осы саланы жақсы көремін" деп Ақтауға жұмысқа кетті. Ол жақта үш жыл жұмыс жасады. Келісім-шарты біткеннен кейін балама "қасыма кел" деп айтқан болатынмын.

"Мама, осы жұмыс ұнайды, жүре берейінші" деген соң "өзің біл" деген едім.

Үлкен отбасы болуды армандайтын. Мезгілсіз қаза. Қайтейін жүрегім қан жылайды. Маған осы іссапарға шығар алдында кешкілік хабарласты.

Балам барған соң "хабарлас, амандығыңды білейін" деген едім. Қаралы хабар алдым-ау", - дейді анасы Қарлығаш Юсупова.

Айта кетейік, Өмірхан Қауқабаевтың отбасы Қарақалпақстаннан көшіп келген. Марқұм үш ағайынды болған.

"Ол жұмысын қатты жақсы көрді. Әскери форма киюді бала кезінен армандады. Әскерден келгеннен кейін ауылда қалуын сұрағанымызбен, елге қызмет көрсетуді таңдады", - дейді ағасы Әділ Каукенов.

Қаралы хабар жеткен отбасыға көңіл айтушылар жан-жақтан ағылып жатыр.

"Жерлесіміздің отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Барлық жерлеу шарасының шығынын көтеретін боламыз. Марқұмның денесін бүгін жеткізеді деп күтіп отырмыз", - дейді Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов.


Тегтер: ӨмірханҚауқабаев, әуеапаты, қызылорда

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.