Балалар алаңқайына дүкендер салынуда - тұрғындар наразы

Балалар алаңқайына дүкендер салынуда - тұрғындар наразы

ашық дереккөзі

 width= Павлодарда жергілікті тұрғындар көпқабатты үй ауласына салынып жатқан заңсыз құрылысқа қарсы шықты. Балалар алаңы мен автотұрақ салып береміз деп уәде еткендер, тұрғындардың келісімінсіз дүкен салуды бастап кетіпті. Ал ата-аналар ұл-қыздарының асыр салып ойнайтын жері болса да деп армандайды. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Балалар ойнайтын алаңқай мен көлік тұрағы. Павлодардағы Қайырбаева 104 мекен-жайының тұрғындарына әуелде уәде етілгені осы еді. Бірақ, жерді меншіктеп алған кәсіпкер сөзінен тайқып шығып, аталған аумаққа дүкеннің құрылысын бастап кеткен. Мұны байқаған тұрғындар өздеріне тиесілі учаскенің бұлайша тиімсіз жұмсалғанына наразы. Гұлмира ШАУБИДЕНОВА, қала тұрғыны:

"Аумақты тазартып бастағанда-ақ күдіктеніп едік. Бірақ, бізге бұл жерде автотұрақ болады деп жұбатты. Балалар және спорт алаңы да салынады деді. 15 қыркүйек күні жоқ жерден дүкеннің құрылыс басталып кетті. Түк түсінбей қалдық. Содан кейін бас көтере бастадық".
Алаңда белең алған заңсыз құрылысқа тұрғындардың түгелі қарсы. Себебі барлығының тілегі бір. Балаларға пайдалы спорт алаңы не болмаса, автотұрақ салынса дейді. Ал дүкенге келсек, маңайда бір емес, бірнешеуі бар көрінеді. Юрий ГОЛУБЕВ, қала тұрғыны:
«Бұл жерде 25 жылдан бері тұрамын. Мұнда дүкен салудың керегі жоқ. Айналамызда 4-5 дүкеніміз бар. Бұл мыңдаған тұрғыны бар жаңа үй емес қой. Тасжол төсеп, маңады тегістеуге миллиондар жұмсалды. Халықтың игілігіне берілген учаскеге енді дүкен салмақшы».
Павлодар әкімдігі осы сынды бос жатқан бірнеше аумақты «Магазин у дома» бағдарламасы аясында «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына үлестіріп берген. Қазіргі таңда аталған мекемеге хат жолданды. Бірақ ресми жауап келмепті. Салтанат ӘКІМБЕКОВА, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
«Павлодар қалалық әкімдігі бірқатар жер учаскесін «магазин у дома» бағдарламасы аясында «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген еді. Әкімдік тарапынан аталған ұйымға хат жолданды. Себебі аталған шағын аудан дүкенге мұқтаж емес. Оның орнына абаттандыру жұмыстарын қажет етіп тұр. Қазіргі таңда біз ресми жауапты күтудеміз».
Әкімдіктің уәжі осы. Даулы мәселені тұрғындардың пайдасына шешіп беруге ниеттіміз дейді. Осы орайда дүкен құрылысының қарқынды жүріп жатқанына қарап-ақ, ресми жауаптың парқын аңғару қиын емес тәрізді. https://www.youtube.com/watch?v=dX6chk5qD2k

Жүктелуде...