Нұр-Сұлтандағы жол апатынан зардап шеккен жолаушы: «Жүргізушінің даусы да шыққан жоқ»

28 Наурыз, 2019 928 0

NewsROOM+. Бұл туралы "Еуразия бірінші арнасы" хабарлайды. 

«Мен жолға қарап тұрдым. Ол тежегішті басып, тоқтаудың орнына қатты жүріп кетті. Біз «соғады» деп шыңғырып, айқайладық. Сол кезде соқты келіп», - дейді зардап шеккен жолаушы Самал Әбділдақызы.

Самал Әбділдақызы 26 наурызда әдеттегідей жұмысқа бара жатқан. Соғылған автобустың алдыңғы орындығында отырыпты. Қолы сынып, маңдайы жарақаттанған. Соққының ауырлығын көріп, аман қалғанына шүкір деп отыр. Айтуынша, жүргізуші соңғы сәтте ешбір дауыс шығармапты. Тоқтатуға да әрекет жасамаған. Сонысына қарағанда, жүрегі ұстап қалды ма деп топшылайды. Қалай дегенімен, оған еш өкпем жоқ дейді.

«Бұл кісі ауырып қалған шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, тежегіші істемей қалды, бір нәрсе болған жоқ-ау. Ол кісінің жүрегі ұстап қалды ма білмеймін. Жүргізушінің түріне қарамаппын. Бірақ ол кісінің даусы да шыққан жоқ», - дейді Самал Әбділдақызы.

2-ші аурухана дәрігерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді десе де болады. Себебі айналасы жарты сағат ішінде 29 адам келіп түскен екен. Қазір олардың 13-і әлі емделіп жатыр. 3 адам жансақтау бөлімінде. Бірінің аяғын ампутациялауға тура келген.

«Өткен тәулікте біз бес түрлі ота жасадық. Оның ішінде бір науқасқа ампутация жасауға тура келді. Бұл ең алдымен өмірін сақтап қалу үшін жасалған әрекет. Науқастарға әлі бірнеше ота жасалауы тиіс. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді №2 қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Иван Ли.

Бейнежазбада да автобустың бар жылдамдықпен келіп соғылғаны анық көрінеді. Инструктор Денис Аксенов жүргізушінің денсаулығы сыр беруі мүмкін емес дейді. Өйткені, жүрегі ұстап не талып қалған адам рульге құлап, автобус шетке қарай бұрылушы еді деп отыр. Оның ойынша, Абай Оспанов тежегішті қатты басып қалып, істен шығаруы мүмкін.

«Меніңше, көлік жүргізушісі абдырап, сасқаннан не істерін білмей қалған секілді. Мен де сондай автобусты жүргізіп көргенмін. Егер тежегішті кенет басып қалсаң, бір дегенде істемей қалатыны бар. Автобус педальді басқанға көнбегенін көріп, абдырап қалды ма деп ойлаймын», - дейді көлік инструкторы Денис Аксенов.

Абай Оспанов 30 жыл бойы көліктің түр-түрін тізгіндеген. Сондықтан тәжірибесі аз деп айтуға ауыз бармайды дейді туыстары. 

«Оның жүргізушілік тәжірибесі өте жоғары. 30 жылдан артық уақыт көлік тізгіндеп жүр. Кәсіби қателік жіберді деп айту әділетсіздік болар еді, меніңше», - дейді марқұм Абай Оспановтың інісі Асқар Оспанов.

Оқиғаға не түрткі болғанын көпшілік әлі болжаумен жүр. Тергеушілер де нақты себебін айтудан әзірге ада.

«Сот дәрігерлік сараптамасының қорытындысына сүйеніп, мәлімет беруге мүмкіншілігіміз бар. Бірақ ол сараптаманың қорытындысы дайын болмағанша, қазір оны айта алмаймыз», - дейді қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаев.

newsroom.kz сайтын NewsRoom+ андроидқа арналған мобильдік қосымшасы арқылы оқыңыз.

Тегтер: нұр-сұлтан, жолапаты

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.