Жаңалықтар

Ержан Бабақұмаров орталық қалалық клиникалық аурухананың ұжымымен онлайн кездесу өткізді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бейнеконференцбайланыс режимінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуге Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, сондай-ақ қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылары, ОҚКА-ның бас дәрігері қатысты. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған NewsRoom + ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Кездесу барысында науқастар мен аурухана қызметкерлерін орналастырудың, қауіпсіздіктің санитарлық-эпидемиологиялық шараларын сақтаудың ағымдағы жағдайы талқыланды.
«Біз қалалық аурухананың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлерін қандай жағдай алаңдататынын, қалыптасқан жағдайды тікелей реттеп, орын алған мәселелерді шешу үшін барлық шараларды қабылдау мақсатында жиналып отырмыз», – деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.
Сондай-ақ, ол аурухана ұжымына жұқтыру жағдайларына қарамастан, сабырлық танытып, жасаған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Сұрақтар мен ұсыныстар жөнінде хирургия бөлімінің меңгерушісі Н. Кемелханов, физиотерапия бөлімінің меңгерушісі А. Төреқұлова, неврология бөлімінің меңгерушісі Г. Құсайынова, реанимация бөлімінің меңгерушісі Г. Бердалина, травматолог-дәрігер Г. Егемов және т.б. сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров көтерілген мәселелерді шешу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
ОҚКА ұжымымен кездесулер жалғасады.