
Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық бойынша министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
"Үкімет коронавирустық инфекцияның жаңа кезеңіне дайындық аясында медицина ұйымдарын және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағынан барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттарының тізбесі үш есе немесе 45-тен 137 дәрі-дәрмек түріне дейін ұлғайтылды. Оған қоса, тамыз айынан бастап азаматтарға коронавирустан емделу үшін дәрінің бес түрі тегін беріледі", - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде жеке қорғаныс құралдары мен стационарларға арналған 91 дәрі-дәрмектен тұратын екі айлық республикалық қор жасақталды. Ал дәріханаларда препараттардың тапшылығына жол бермеу мақсатында "СК-Фармация" компаниясы бөлшек сауда желісін толықтыру үшін аса қажетті 33 препаратты сатып алып жатыр.
"Дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар. Барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көлемі 13 миллиард теңгеден асатын сақтандыру қоры құрылды", - деп атап көрсетті Мамин.
Осы орайда үкімет басшысы министрлікке және әкімдіктерге қадағалау шараларын жүргізуді тапсырды.
"Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс. Ал индустрия министрлігі отандық фармацевтика өндірушілерімен қорғаныс құралдары мен медициналық маскалардың өндірісін көбейтуді қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрілік заттарды уақытылы сатып алуды және жеткізуді тапсырамын", - деді Мамин.