Екі гектарға 20 мың түп көшет отырғызған бағбандар
Екі гектарға 20 мың түп көшет отырғызған бағбандар
Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылында ағайынды Хасан мен Хусан Расулметовтердің тұқымбағы бар. Екі гектарға жуық жер телімінде жеміс ағашының 15 түрінен 6 мыңнан аса көшеті, декоратив ағаштардың 7 түрінен 5 мыңнан аса көшеті жайқалып тұр. Жер мен көшеттің жайын білетін бағбанның айтуынша, әр көшет биіктігіне және түріне байланысты 2 -15 мың теңге аралығында сатылады. Тіпті бір түбі 70 мың теңге тұратын шыршалар да бар екен.
Расулметовтердің атадан балаға жалғасқан отбасылық кәсібімен танысу үшін Манкентке табан тірегенбіз. Жасыл желек жамылған бақтың қақпасынан Хасан Расулметов қарсы алды. Екі жағымызда төгіліп тұрған ағаш назарымызды бірден аудартты. “Қолшатыр” деп аталатын көрінеді. Декоратив ағаш. Тұттың бір түрі. Жемісін жазда жеуге болады. Көшетін Өзбекстаннан алдыртады екен. Үй ауласына сән беріп тұратыны үшін қала тұрғындарының сұранысына ие. Көшеті 3 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін барады. Бүгінде бұл тұқымбақта 300 түп “Қолшатыр” өсіп тұр.
Әкем қызанақ егетін. Оның таныс-тамырлары Өзбекстаннан күз-көктемде біздің үйге кеп, түрлі ағаш пен жеміс-жидектердің көшетін сатып кететін. Оны ауыл адамдары сатып алады. Бірақ біраз уақыттан кейін “Мына көшет көктемей қалды” немесе “Конфет алмасы” деп сатқан көшет басқа сорт екен” деген шағымдарын арқалап, біздің үйге келетін. Сыңарым Хусан екеуміз мектепті 1997 жылы бітірдік. Әкем сол жылы тұрғындардың шағымдарынан кейін “Осыны өзіміз егейік, елді алдауға жол бермейік” деп көшет пен декоратив ағаш егуді қолға алған болатын. Алдымен екі арыққа 200 түп шие көшетін отырғызды. Әкем біздің де осы саланы шиырлағанымызды қалады, – дейді Хасан.Әке ақылын құп алған егіздер Өзбекстанға оқуға аттанады. 4 жыл ауыл шаруашылығы, оның ішінде бау-бақша бағыты бойынша білім алады. “Өзбекстанда өмірімізде көрмеген жеміс ағаштары өседі. Университетте практикалық жұмыстар кезінде бау-бақшаға жиі апаратын. Сонда байқағанымыз, бос жатқан жер жоқ. Айнала жап-жасыл. Түрлі жеміс ағаштарының иісі мұрныңды жарады, – деген болашақ бағбандар басында әке кеңесімен таңдаған саласын жақсы көріп кетеді. 2002 жылы оқуды тәмамдап, ауылын гүлдендіріп, бау-бақшаға айналдыру үшін елге оралады.


Біз осы тұқымбақта сұранысқа қарай жылына 20 мың түпке дейін көшет дайындап береміз. Бір көшет екі жылда дайын болады. Бірінші жылы тұқымын егеміз, екінші жылы будандастырамыз. Сондықтан көп көлемде көшет тапсырыс беру үшін бізге бір жыл бұрын хабарласу керек, – дейді бағбан-кәсіпкер.Иә, тәлімбақ иелері көшетті негізінен күз мезгілінде еккен жақсы дейді. Көктемге дейін орнығып, майда тамыр шығарады. Ағаштың тез, жақсы өсуі тамырға тікелей байланысты. Көшетті отырғызғаннан кейін бір ай күтім жақсы болса, шілде айында су жеткілікті мөлшерде болса, болды. Ал көшетті күзде егіп үлгермегендер наурызға дейін отырғызуына болады. Одан кейін жер қызып, су сіңбей қалады.


Маған “Конфет” сортты алма мен “Испалин алхоры” ұнайды, өйткені тәтті, сосын шыршаларға қызығамын, әдемі көрінеді, – дейді ол.


Ағаштарға жылына төрт рет, яғни ерте көктемде, гүлдегенде, алма көк түйнек салғанда және қызарғанда дәрі себіледі. Қазір бір арықта 150 түп бар. Бір күнде бір арықты саламыз, әр түпті жеке-жеке, еңкейіп отырып істеген соң, арқа-басың құрысып, ауырады. Егер көктемде суық ұрып кетсе, осы жылы қайта будандастыру керек болады. Сол үшін су құямыз, шабамыз, шөбін жұламыз, құрттар түсіп кетпеуін қадағалаймыз. Аз ұйықтап, көп жұмыс істейміз. Әрі-бері қыдыра бермейміз. Өйткені жұмыстың бәрін дер кезінде істеу керек. Бір күн кешіксең, өнім ойдағыдай салмайды, көшет ойдағыдай тамырламайды, – деп Хасан тәлімбақ баптаудың қыр-сырын бөлісті.



Біздің ауданда бәрі жерге көкөніс, жеміс-жидек егумен айналысады ғой. Сондықтан ағын судан проблема бар. Ал қалғаны ниетке қарай болып жатыр. Жыл сайын көліктер көбейіп, басқа да сыртқы факторлардың әсерінен ағаштың да аурулары көбейіп жатыр. Бірден сарғайып, қурап кетеді. Әр ағаш үшін жанымыз ауырады. Қазір бір үйдің шыршасына дәрісін беріп қарап жатырмын. Ауыр болса да, сыңарым екеуіміз жұмысымызды жақсы көреміз, – дейді ол.Расулметовтер отбасы кезінде екі арыққа 200 түп егуден бастады. Қазір екі гектар жерде жеміс-жидек пен сән ағашының түр-түрі жайқалып тұр.

Бар. Бірақ соңына дейін шыдайтындары аз. Жастар тез табыс тауып, оңай ақшалы болғысы келеді, еңбектің жемісін күтуге шыдамы жетпейді, ал бұл салада кемі 2 жыл күту керек. Бабын тапса, Жер-Ана кім-кімді де ризық-несібесіз қалдырмайды. Жақсылап күтім жасаса, қандай өнім болса да мол салады. Мысалы, Манкентте 4-5 жылдан бері құрма егумен айналысып жатқандар бар. Құдай бұйыртса, жемісін енді алмақ. Құрма ыстықты жақсы көреді. Сондықтан күзде оның түбін киізбен орап қою керек немесе қамыспен орап, ішіне сабан тығып қою керек. Төрт жыл үсікке шалдырмай, орап қойса, кейін өнім сала береді, – деп түйіндеді сөз соңын.Ауасы мен аурасы бөлек, көктем боп тұрған көрікті мекеннен көңіліміз жайнап, жанымыз жадырап шықтық.