
Атырауда ыдыс-аяқ жумағаны үшін әкесінің ұрысқан видеосын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің мән-жайы анықталды. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ол жасөспірім Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 11-сынып оқушысы екен.
«Шағымданған жасөспірім мектепте белсенді, сабағы жақсы, түрлі мектепішілік шараларға белсене қатысады. Көп балалы отбасыдан шыққан, үйдің тұңғышы. Әкесі - арнайы техника жүргізушісі. Әлеуметтік желіге ақпарат шыққаннан кейін, 18 қазан күні кешкі сағат 22:00-ден бастап жасөспірімді психологиялық-педагогикалық қолдау және кеңес беру жұмыстары жасалды. Ата-анасына да түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді академия директоры Долорес Таскарина.
Еске сала кетейік, бұл оқиға 18 қазан күні болған. Жасөспірімнің өзі әкесімен арада болған түсініспеушілікті әлеуметтік желіге жариялаған. Бұған дейін ата-анасымен арада кикілжіңдер болмаған. Ұрып соғу фактісі де тіркелмеген.
Біраз уақыттан кейін оқушы қыз отбасымен оқиғаны талқылып, бір-бірін түсініседі. Одан кейін жасөспірім сыныптастарынан видеоны таратпауын сұрайды. Сонымен қатар бұл видеоны әлеуметтік желіге салғаны үшін өкінетінін де жеткізді.
Бүгін полиция өкілі, психологтар, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен ата-анасымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасөспірім қалыпты жағдайда.
Қазіргі сәтте құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.