Алматы облысының бас санитар дәрігері "карантин режимі және өңір аумағында кейбір шектеу шараларын енгізу туралы" жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі.
Қаулы бойынша, 19 қазан күні таңғы сағат 7.00-ден бастап Алматы облысында карантин күшейтіледі. Мына нысандардың жұмысы тоқтайды:
- Сыйымдылығы 50 адамнан асатын қоғамдық тамақтану объектілері (асханалар, дәмханалар, кофе, мейрамханалар және басқа да мекемелер);
- 15 адамға дейінгі кезекші топтарды қоспағанда, барлық мектепке дейінгі ұйымдар;
- Барлық ойын-сауық объектілері (түнгі клубтар, көрмелер, бильярд және компьютерлік клубтар, балалар ойын алаңдары, жабық үй-жайлардағы батуттар және басқалар).
Сонымен қатар өңірде ойын-сауық спорттық іс-шараларын, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, семинарларды, сондай-ақ отбасылық, естелік және салтанатты іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
Бұдан басқа, бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3-тен аса адамның бірге жүруіне тыйым салынады, сондай-ақ 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу енгізіледі.