Тәжікстан қазақтары туралы

25 Наурыз, 2019 618 0

NewsROOM+. Алдыңғы постымда жалпы Тәжікстанға келуім, Наурызды Душанбеде қарсы алуым туралы жазып едім.

Ендігі әңгімеміз ондағы қандастарымыз туралы болмақ.

Белгілі қазақ және тәжік ғалымы Әбдісаттар Нұралиев бір сұхбатында Тәжікстандағы отандастарымыздың саны заманында 70 000 жеткенін және аталған ел аумағында саны бойынша қазақтардың тоғызыншы ұлтты құрағанын айтқаны бар еді. Бірақ, мен Тәжікстанның статистикалық деректерін қарап, қандастарымыздың қазір ол саннан өте аз екеніне көз жеткіздім. Мәселен, 1926 жылы Тәжікстандағы қазақтардың саны 1636 адам болатын болса, 1959 жылы олардың саны 12551 адамға дейін өскенін байқаймыз, ал 2000 жылы керісінше бауырларымыздың саны 963 адамға дейін кемігенін көреміз. Тәжікстандағы қазақтардың санының өсуін өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы олардың осында қашып келуімен түсіндіреміз, кемуін керісінше тәуелсіздік алуымыз кезінде Отанымызға оралғанымен байланыстарымыз. Сәйкесінше, бұл сандар шындыққа жақын келеді деп ойлаймын. Бірақ, бұл жерде мынадай мәселені толықтыра кетуді қажет деп санаймын. Бірінші, қазақтардың тәжік жеріне келуі тек 1730 жылдардан басталмайды деп ойлаймын. Меніңше, бұған дейін де қандастарымыздың Тәжікстанда тұрақтауы бек мүмкін. Тіпті, әріге жылжытып жарты мың жыл берсек де артық емес, өйткені картаға қарасаңыз іргеміз тиіп тұр, шекарамызды Өзбекстан ғана бөліп тұр. Жалпы, Орта Азияға Ұлы Даладан келушілердің бірнеше легі болғанын жеткізе кетуіміз керек. Қазіргі тәжік жеріндегі лоқайлар, қатағандар, наймандар, дүрмектер, барластар солардың бір бөлшегі екені аян. Әрине, бір оларды нақты қазақтар деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұрын Тәжікстанның солтүстігінде 3 қазақ мектебі жұмыс істеп тұрғанын, Кеңес дәуірінде қазақ колхоздары болғанын еске алсақ, шындыққа сәл жақындаймыз. 

Осы ретте, мынадай қызықты деректерді атап өтейік. Душанбедегі «Бәйтерек» қазақ қоғамының деректерін (басшысы Зәуре Саминова), Әбдісаттар Нұралиевтің мағұлматтарын басшылыққа ала отырып, жалпы Тәжікстан аумағындағы қандастарымыздың санын нақтылау барысында олардың саны төрт мыңның шамасында екеніне көз жеткіздім, бәлкім саны тағы өскен болуы да мүмкін. Бұл ретте, мынадай қызық жайтты жеткізе кетейін.

Әбдісаттар Нұралиевтің баяндауынша өзбек болып жазылған, бірақ этникалық сана-сезімі қазақ ағайындар да бар екен, ондай қандастарымыздың бір тобы Тәжікстанның Соғды облысының Истаравшан (бұрынғы Ұратөбе) ауданындағы Боратөбе ауылында тұрады. Рулары уақ екен. Сол сияқты 200 шамасында аралас некедегі қандастарымыз бар. Ал, елдің оңтүстігіндегі Даңғара (есіме Даңғарадай дәу деген сөз тіркесі түсіп отыр), Жылыкөл (қазіргі Дусти) аудандарында қазақтар бұрыннан жиі қоныстанған еді. Әрине, елдің барлық аумақтарында, оның ішінде республиканың астанасы – Душанбеде де ағайындарымыз тұрады.

Олар тәжік қоғамының заңды мүшелері бола отырып, екі елдің байланыс көпірі және алтын діңгегі бола береді деп үміттемін. 

Айтқандай, Тәжікстанға сапарым барысында бір жаңалық аштым. Ол елдің, яғни Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы, яғни ауған жеріндегі Қазақгузар атты елді мекенді картадан табуым болды. Бір қызығы, бұл елді мекен кезінде Тәжікстан арқылы Ауғанстанға қашқан қазақтардың жолының үстіне тұр. Бұл дегеніңіз нақты осы жер арқылы қандастарымыз Әмударияның арғы бетіне өтуін растап тұр. Заманында Ауғанстан жерінде қамалып, Сейстан қырғынына ұшыраған қандастарымыздың тағдыры көпшілікке белгілі деп ойлаймын. 

Айтқандай, жаңылмасам уақытында Алтыншан Жағанова апамыз Ауғанстанда 300 000 қандасымыз тұрады деген болатын. Бұған өз басым қатты күмәнмен қараған едім. Бірақ, қазіргі Ауғанстан жерінде жарты миллион ауған қыпшақтары тұрады десем қате айтқан болмас едім (бұл жерде қыпшақ руы емес, қыпшақ тайпасы, яғни Дәшті-Қыпшақтан кеткендер туралы болып отыр). Ол күмәнімді Дүниежүзі қазақтарының Үшінші құрылтайына қатысқан Ауған қазағы да растай түсті. Шындығында ондай сандағы қандастарымыз жоқ, оның үстіне 40 жыл бойы жүріп жатқан соғыс олардың Түркия, Иран, Пәкістан, одан әрі  Европаға бас сауғалауына алып келді. Ауған қазақтарының Отанымызға оралғандары туралы айтылды да жазылды да әрине.

Дегенмен, Ауған жеріндегі 30 ұлысты құрайтын әртүрлі жұрттардың ішіндегі шараймақтың джемшиттерінің және тайманилерінің ішінде қыпшақтар бар екен, ал Қобыланды жырында аты аталатын қызылбастардың бір бөлігі Ауғанстан жерінде мекендейді. Міне осы қызылбастардың ішінде қазақлы деген ру да бар, бұл ру олардың құрамына  15 ғасырдың соңы – 16 ғасырдың басында қосылған екен. Оны айтасыз-ау, тіпті пуштундарлдың ішінде де қыпшақтар субстратының бар екенін көреміз. Қызықты әрине, бірақ 400 тайпадан тұратын пуштундардың арасынды кездесуі болашақта зерттеуді талап етеді. Былтыр Тәжікстанға саяхат жасап, қандастарымыз туралы фильм түсірген Олжас Беркінбаев бауырымызда біраз ақбарат бар деп ойлаймын. Айтқандай, Олжас тәжік жеріне сапар барысында көп кеңестерін берген болатын. Рахмет!

Иә, біз Тәжікстандағы қандастарымыз туралы бастап, әңгімемізді Ауғанстанмен аяқтадық, себебі бұл екі ел де қандастарымыздың қоныстанып, бауыр басқан жұрттары еді!
Ал, төмендегі карталарда:

1. Ауғанстан аумағындағы Қазоқгузар ауылы көрсетілген.

2. Тәжікстан мен Ауғанстан шекара аумағының үлкенірек картасы.

3. Елдің солтүстігіндегі қазақтар қоныстанған Истарафшан (Ұратөбе) ауданы картасы.

4. Тәжік жұртының оңтүстігіндегі қазақ ауылы бар Дустии (Жылыкөл) ауданы.

5. Қазақтар кездесетін Даңғара ауданы картасы.


Amandiq Amirkhamzin facebook парақшасынан

Тегтер: тәжікстан, қазақтар, мақала

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.